ЖСДП Ақордада көп балалы аналарды полицияның қоршауға алғанына ашулы

Күні: 18:10, 04-06-2019.

Алматы. 4 маусым. ҚазТАГ – «Ақиқат» Жалпы социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) Ақордада көп балалы аналарды полицияның қоршауға алғанына ашулы, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Ақиқат» ЖСДП партиясы 3 маусым күні Ақордаға келіп, еліміздің жоғары басшылығымен кездесуді талап еткен Қазақстанның көп балалы аналарының әділ талаптарын толық қолдайтынын білдіреді. Біз биліктің әрекетіне өз наразылығымызды мәлімдейміз, олар үшін диалог жүргізу мен ашықтықтың орнына тағы да қарапайым отандастарымыздан жүздеген полицейден тұрғызылған қабырға арқылы қорғануға, өздерінің жаншу және азғыру машиналарын іске қосуға деген талпыныстары басым болып отыр», - делінген сейсенбіде партия төрағасы Ермұрат Бапидің Facebook-тегі әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған «Ақиқат» партиясының саяси кеңесінің мәлімдемесінде.
Өз мәлімдемесінде партия «биліктен көп балалы аналарға баспана ұсыну бойынша берілген уәделерін орындауларын және қалыпты адами тұрмыстың қарапайым негіздерімен қамтамасыз етуді» талап еткен.
«Атап айтқанда партия елімізде көп балалы аналар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасын енгізуді; декреттік демалыс кезінде жалақысы сақтала отырып, әлеуметтік жәрдемақыны түбегейлі өсіру, әлеуметтік жеңілдіктерді кеңейту, оның ішінде мектептегі және балалар тамағымен қамту, тегін медқызметпен және дәрі-дәрмекпен, ҚР аумағында қоғамдық және халықаралық көлікті тегін қолдану, тегін мектепке дейінгі тәрбиемен және жоғары біліммен қамту секілді талаптарды алға тартуда», - делінген хабарда.
Бұған дейін хабарлағандай, 3 маусымда ондаған әйел алдымен Ақорда ғимаратына келді, сосын үкімет пен парламент арасындағы алаңға көшті.
Көпбалалы аналар қордаланып қалған проблемаларының шешімін табуды, баспанаға қатысты бұған дейін берілген уәделердің орындалуын талап етуде.
Олармен кездесуге Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов, вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова, сондай-ақ, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев келді. Олар әйелдерге әрқайсысының проблемасын жекелей қарастыру үшін ішке біртіндеп кірулерін сұрады, алайда көп балалы аналар Тоқаев, Назарбаев пен Мамин олармен кездесуге шықпайынша ешқайда кетпейтіндерін айтып, олардың ұсыныстарынан бас тартты.
Көп балалы аналар айтқан проблемалар қашан шешімін табады деген сұраққа билік өкілдері проблемалардың кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын мәлімдеді. Алайда әйелдердің өздері ол мәлімдемені теріске шығарып, ешқандай проблеманың шешілмегенін атап айтуда.
Көп балалы аналардың азаматтық акцияларға қатысуы Астанада 4 ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққаннан кейін жиілеп кеткен. Өртті сөндіру барысында бес баланың мәйіті табылған: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналар ол кезде жұмыста болған. Көптеген қазақстандықтың пікірінше, егер елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай түнгі ауысымдағы жұмысқа бару үшін балаларын қараусыз қалдыруға тура келмейтіндей жағдай жасаса ғана қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
Қазақстанның бірқатар өңірлерінде азаматтардың жұмысқа орналастыру және жалақыларын көтеру туралы жаппай талап қоюы, сондай-ақ ірі қалалардағы, соның ішінде Астана мен Алматыдағы көп балалы аналардың митинг өткізуі халықтың көңілі толмаушылықтың нәтижесі болып отыр.
Осы жағдайларға байланысты Назарбаев экс-премъер Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметті отставкаға жіберді. Жаңа үкіметті бұрынғы бірінші вице-премьер Мамин басқарды.


Жаңалықтармен бөлісу: