Астана. 14 ақпан. ҚазТАГ – Журналистер бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін аккредиттеу ережесін күшейтетін түзетулерді қабылдамауды өтінуде және ақпарат және коммуникация министрлігінің жоспарын сынға алды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Министр мырза (ақпарат және коммуникация Дәурен Абаев – ҚазТАГ) кімнің жағында екенін ұмытқан секілді? Сізге жеке министрліктің мүддесін емес, сөз бостандығы мен журналистиканы қорғау керек екеніңізді ескертпеген сияқты. Аталмыш тармақ ҚР заңнамасына қарсы келеді және журналистерді таңдап кіргізуге ықпал етеді», - деп жазды журналист Серікжан Мәулетбай eGov-тағы ашық нормативті құқықтық актілер сайтында.
Журналист Альберт Ахметов аталмыш түзетулерді цензура деп атады.
«Бұл ашық цензура және журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіру! Аталмыш тармақты бұл құжатқа енгізбеуіңізді сұраймын!» - деп жазды А. Ахметов.
АКМ-ның түзету енгізу туралы жоспарын басқа алаңдардағы журналистер де сынға алды, соның ішінде Facebook әлеуметтік желісіндегі қоғамдастықтарда да, сондай-ақ WhatsApp мессенджерінде кәсіби чаттар топтарында да талқыланды.
Міне кейбір пікірлер: «Журналистер сөз бостандығы үшін! Журналистер Абаевтың отставкасы үшін!», «Бір нәрсе жасайық. Ертең тек трансляцияны, сауалдар бойынша берілген жауаптарды ғана өңдеп отыратын боламыз», «Бұған дейін де түзетулер болған, бұған дейін де – біртіндеп редакцияларды жою, журналистер мен редакцияларды ашықтан-ашық сатып алу, оның үстіне түзетулер, тағы редакциялау. Егер тарихқа көз жүгіртсек- біз өз-өзімізді жоюға өзіміз жол берген екенбіз», «Министр осы қызметіндегі уақытта қолдауға тиіс саласына қысым көрсетумен айналысып келген».
Еске салсақ, 13 ақпанда ҚазТАГ АКМ «Журналистерді аккредиттеу қағидатын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 21 маусымдағы № 138 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрығына түзетулер енгізуге ниетті екенін хабарлады. Сол түзетулер енгізілген жағдайда қолданыстағы қағидаларға қарағанда журналистердің іс-шараларды таратуға жіберілу ережесі күшейтілетін болады. Құжат 13 ақпанда қоғамдық талқылауға шығарылды, ол 27 ақпанға дейін жалғасады.
АКМ жоспарын Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев та сынады, ол аккредиттеудің жаңа қағидалары арқылы мемлекеттік органдар журналистердің қоғамдық жаппай шараларға жіберілуін шектейді деп санайды. Ол журналистің шара өтетін жердегі ішкі тәртіпті сақтауға жазбаша түрде келісім беру сияқты мағынасыз талап Қазақстанда ешқашан болған емес деп атап өтті. Сонымен қатар ол журналист пен БАҚ арасында келісім-шарттық қарым-қатынастың барын растайтын құжатты ұсыну туралы тармаққа да көңілі толайтынын білдірді, себебі ол азаматтық журналистиканың жоғалуына алып келеді. С. Матаев әзірге қағида жобасын талқылайтын уақыт бар кезде қазіргі таңда қоғамдық пікірді қалыптастырудың маңызды сегменті болып табылатын әлеуметтік желіде көптеген сын туғызу керек деп санайды.
«Өз кезегінде, біз қағида жобасын әріптестерімізбен, халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорымен талқылаймыз, сөйтіп қандай да бір келісілген шешім қабылдаймыз, үнсіз қалмаймыз», - деп түйді сөзін Қазақстан журналистер одағының төрағасы.
Журналистер ҚР АКМ ұсынған түзетулер туралы: министр мырза кімнің жағында екенін ұмытқан секілді
