Жыл басынан бері зейнетақы жинағының жалпы сомасы Т10 трлн асқан – БЖЗҚ

Күні: 11:48, 29-10-2019.

Алматы. 29 қазан. ҚазТАГ – 2019 жылдың қаңтар-қыркүйегінде зейнетақы жинағының жалпы сомасы Т10 трлн асты, деп хабарлады «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметінен.
«2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша жинақтар сомасы – 10,2 трлн теңге; міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша жинақтар сомасы – 233,6 млрд теңге және ерікті зейнетақы жарналары бойынша (ЕЗЖ) жинақтар сомасы - 1,9 млрд теңге болды», - делінген сейсенбіде таратылған 2019 жылдың 1 қазанына арналған «БЖЗҚ» АҚ негізгі көрсеткіштеріне жасалған шолуда.
Шолуға сәйкес, жыл басынан бері зейнетақы жинақтары 1,04 млрд теңгеге немесе 11 пайызға өсті. Бұл ретте зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша түсімдер – 714,3 млрд теңге; таза инвестициялық табыс көлемі – 481,9 млрд теңге және зейнетақы төлемдері – 154,2 млрд теңге болды.
«Есепті кезеңде БЖЗҚ-да 308,5 мың жеке зейнетақы шоты ашылды. Оның ішінде 273,6 мың шот МЗЖ есебінен ашылғанын айта кеткен жөн. Ал бұл шоттардың 64 пайызын 30 жасқа дейінгі салымшылар ашқан. Қарастырылып отырған кезеңде ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналарының орташа сомасы – 17 149 теңгеге жетті», - делінген хабарда.
БЖЗҚ атап өткендей, 2019 жылдың 9 айы ішінде белсенді салымшылардың саны – 6,1 млн адам, олардың ішінде 6 және одан да көп жарна жасағандар – 4,6 млн адам болды. (2018 жылы белсенді салымшылардың саны – 6,4 млн адам, олардың ішінде 6 жарнадан 12 жарнаға дейін аударғандар саны – 4,96 млн адам болған еді).
«2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында салымшылар мен алушылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 481,9 млрд теңгеден асты. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының табыстылығы соңғы 12 ай ішінде 8,4 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 5,3 пайызды көрсетті. Осылайша зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляциядан жоғары болып, нақты табыстылық оң сипатқа ие болып отыр», - делінген хабарда.
Шолуда белгілі болғандай, жыл басынан бері зейнетақы төлемдері 154,2 млрд теңгеге жетті. (Бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 23,2 млрд теңгеге немесе 18 пайызға жоғары). Оның ішінде: зейнет жасына толуға байланысты – 51,0 млрд теңге; 1 және 2 топтарда мерзімсіз мүгедектігі бар жандарға – 1,3 млрд теңге; Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты – 35,1 млрд теңге; мұрагерлік бойынша – 20,2 млрд теңге; жерлеуге байланысты – 2,3 млрд теңге; басқа тұлғаларға – 0,1 млрд теңге; өмірді сақтандыру бойынша компанияға (ӨСК) – 44,1 млрд теңге төленді.
«Кесте бойынша ай сайынғы төлемдердің орташа сомасы 21 022 теңгені құрады. Бұл ретте ең жоғары төлем 514 666 теңге болды. МЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарының орташа сомасы 1,1 млн теңгеге жетті. Оның ішінде жинақтардың орташа сомасы ерлерде – 1,2 млн теңге, ал әйелдерде – 0,92 млн теңгені құрады. Бұл ретте зейнетақы жарналарын Қорға 20 жыл бойы тұрақты аударып келген ер азаматтардың жинақ ақшасының орташа көлемі – 5,1 млн теңге, ал әйелдерде – 3,9 млн теңгеге жетті», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: