Қазақстанда бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады

Астана. 30 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады, деп хабарлайды Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі.

«Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысуын қаржыландырып келеді. Алайда жүргізілген тексерістер барысында бірқатар күрделі заңбұзушылықтар анықталды. Мұндай заңбұзушылықтарды болдырмау және балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдай жасау мақсатында 2025 жылғы 1 маусымнан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады», - делінген хабарламада.

Хабарланғандай, жоба Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады. Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секциялары, шығармашылық үйірмелері мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.

Атап өтілгендей, ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі. Бұл баланың спорт, өнер және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуына мүмкіндік береді және бұрынғыдай қайта кезекке тұру немесе қаржыландырудан айырылып қалу жағдайларын болдырмайды.

Бірыңғай ваучердің екі түрі қарастырылған:
• Нысаналы ваучер – мемлекеттік мекемелерге арналған және кезекке тұруды қажет етпейді;
• Әмбебап ваучер – баланың ата-анасы eGov.kz порталы арқылы жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымды таңдай алады. Мұндай ваучер бойынша кезек баланың жасы мен отбасының әлеуметтік мәртебесіне сәйкес қалыптасады және бұл ресурстарды әділетті бөлуге мүмкіндік береді.

Источник фото: pixabay


adimage