Qazaq Air-ді вьетнамдық компания сатып алады, елімізде коммуналдық қызмет тағы да қымбаттады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 9 шілде. ҚазТАГ – Qazaq Air-ді вьетнамдық компания сатып алады, елімізде коммуналдық қызмет тағы да қымбаттады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Биыл елімізде жол жөндеуден рекордтық көрсеткіш орнатылмақ»

Көлік министрі Марат Қарабаев осы жылы 12 мың шақырым жол жөндеуден өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Осы жылы жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл – бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Бұл ретте, жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы жергілікті желіге тиесілі. Жылдың соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады», - деді Қарабаев.

Министрдің айтуынша, республикалық жолдарды күтіп ұстауға ғана жыл сайын Т80 млрд қажет. Жалпы Қазақстандағы автожол ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады.

«Маңғыстауда теміржолшылар ереуілге шықты»

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының теміржолшылары еңбек талаптарының орындалуына наразы болып отыр, деп хабарлайды Оrda.kz.

«Бүгін 8 шілде 2024 жыл. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және премьер-министр Олжас Бектеновке, Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбайға, Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаевқа үндеу. Біз, Бейнеу ауданының теміржолшылары еңбек дауларына қойылған талаптардың орындалмауына байланысты, еңбек жағдайының, әлеуметтік жағдайдың нашарлауына байланысты Қазақстан теміржол компаниясының президенті Нұрлан Сауранбаевтың жұмыстан кетуін талап етеміз. Қойылған талаптар шілде айының 29-на дейін орындалмаған жағдайда және жұмыс беру талаптарынан заңсыз қудалаулары мен қысым көрсетілген жағдайда жұмысты тоқтатуға мәжбүр боламыз», - деп теміржолшылар әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады.

«Qazaq Air-ді вьетнамдық компания сатып алады»

Вьетнамдық компания Qazaq Air әуе компаниясын шамамен 2 млрд теңгеге сатып алуы мүмкін. Келісім қыркүйекте аяқталады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Nege.kz.

«Келісімшарттың бір сатысына қол қойылды. Қыркүйектің аяғына дейін мәмілені аяқтаймыз деп отырмыз. Келісімшартта Qazaq Air-дің бүкіл қарызын өтеу міндеттелген. Төлемнің кезеңі әлі анықталған жоқ. Екіншіден, сатып алушы компанияның Қазақстан ішінде және сыртына тасымал жасайтын 20-дан кем емес әуе көлігін тіркеу міндеттемесі қарастырылған. Жалпы инвестордың өзі 20 емес 50-ге дейін әуе көлігін тартамын деп отыр. Яғни, нарықта тағы бір айтарлықтай күшті ойыншы пайда болады деген сөз. Мысалы, SCAT компаниясында 50-ге жуық борт, Air Astana-да 54 борт бар. Сонда нарықта солармен шамалас үшінші ойыншы болады. Бұл бәсекеге, билеттердің бағасына оң әсер ететіні сөзсіз. Келісімшарттың құны бар. Меніңше, 2 млрд теңге шамасында болды-ау деймін. Жалған ақпарат болмау үшін қосымша тексереміз, хабарлаймыз», - деді министр.

«Елімізде коммуналдық қызмет тағы да қымбаттады»

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтар коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді ұстауға және жөндеуге орта есеппен Т59,6 мың жұмсады. Бұл өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 10,8%-ке көп, деп хабарлайды Аikyn.kz.
Әсіресе, елорда тұрғындарының шығыны көп, олар Т103,7 мың жұмсайды. Бұл өткен жылғы қаңтар- наурызбен салыстырғанда 6,5%-ға және ел бойынша орташа көрсеткіштен 73,8%-ға артық.

Осы уақытта тұрғын үй қызметтеріне, суға, электр энергиясына, газға және басқа да отын түрлеріне баға осы жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша бір айда 0,9%-ға және бір жылда 17,6%-ға өскен. Оның ішінде қоқыс шығару қызметтерінің бағасы - 6,1%-ға, электр энергиясының құны - 1,8%-ға, тұрғын үй-жайларға қызмет көрсету және жөндеу қызметтерінің құны - 1,7%-ға, су бұру қызметтерінің құны 0,2%-ға өсті.

Источник фото: flyqazaq.com


adimage