Бас прокуратура экс-министр Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғанын растады

   Астана. 30 сәуір. ҚазТАГ- Бас прокуратура экс-министр Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғанын растады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
  "Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр. Биыл 29 сәуірде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды. Қылмыстық істе мемлекеттік құпия бар болғандықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды", - деп хабарлады Бас прокуратура сейсенбі күні.
   Тұрғымбаевтың ұсталғаны туралы 29 сәуірде белгілі болды.
   Еске салсақ, бас прокуратураның 20 наурыздағы мәліметі бойынша, жүргізіліп жатқан тергеп-тексерулер барысында Ішкі істер экс-министрі Тұрғымбаевтан да жауап алынған.
   Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер министрі қызметін 2019 жылдан бастап атқарған, 2022 жылғы 25 ақпанда қаңтар оқиғасынан кейін ІІМ басшысы қызметінен босатылды.

Фото көзі: gov.kz


adimage