Бектенов «Дипломмен – ауылға!» жобасы туралы ұсыныстарға: Төтенше жағдайда қаражатты үнемдеу керек

    Астана. 2 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов «Дипломмен – ауылға!» жобасының іске асырылуына қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
   «Жоба шеңберінде көтерме жәрдемақы немесе тұрғын үйге бюджеттік кредит алу кезінде әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мамандар берген өтініштердің (денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен және ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері бағыттары бойынша) негізінде жүзеге асырылады», - деп жауап берді Олжас Бектенов.
Премьердің мәлімдеуінше, 2009 - 2023 жылдар аралығында жобаны іске асыру кезеңінде берілген өтініштерге сәйкес 105 мыңнан астам маман (оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 3,6 мың маман) әлеуметтік қолдау, біржолғы көтерме жәрдемақы немесе тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит, алды.
   Сондай-ақ ол, 2023 жылы агроөнеркәсіптік кешен мамандықтарының саны тоғыздан 24 дейін ұлғайтылғанын, оның ішінде ветеринариялық техник, ветеринариялық дәрігер, ветеринариялық фельдшер, зертхананың ветеринар дәрігері мамандықтарының барын айтты.
«Жоба шеңберінде көрсетілетін шараларды күшейту мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған бюджеттік кредиттің мөлшері аудан орталықтары үшін 1500 АЕК-тен (Т5,2 млн) 2500 АЕК-ке (Т9,2 млн) дейін және қалған ауылдық елді мекендер үшін 2000 АЕК-ке (Т7,4 млн) дейін ұлғайтылды ,15 жылға дейін сыйақы мөлшерлемесі 0,01 %», - деп хабарлады премьер-министр.
Бектенов, агроөнеркәсіптік кешен мамандарына жергілікті бюджеттен бөлінетін көтерме жәрдемақы мөлшерін (қазіргі уақытта 100 АЕК немесе Т369 мың) Т10 млн дейін ұлғайту, оны жоба шеңберінде басқа мамандықтар бойынша ұлғайтуды талап етеді және бюджетке жүктеме түсіреді, деді.
«Бұл ретте еліміздегі төтенше су тасқыны жағдайында зардап шеккендерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қажеттігіне байланысты бюджет қаражатын үнемдеу қажеттігі туындайды», - деп мәлімдеді премьер-министр.
Үкімет басшысы қаулыға сәйкес денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға жергілікті өкілді органдардың шешімімен кемінде 25% жоғарылатылған айлықақы белгіленгенін, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар «Ауыл аманаты», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» және тағы басқа жобалар шеңберінде түрлі мамандарға қолдау шараларын жүзеге асыратынын атап өтті.
«Тапсырыс беруші, оқу орны және талапкер арасында үшжақты шарт белгілеуге қатысты, «Білім туралы» заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға бөлінген мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде барлық тараптардың міндеттемелерін көрсете отырып, үш жақты шарттар (ЖАО – ЖОО – білім алушы) жасасады», - деп хабарлады премьер.
Сондай-ақ оның айтуынша, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының ауылдық квотасы шеңберінде ЖАО білім алушылармен үш жақты шарттар жасасады.
«2020 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда ауылдық елді мекенде тұратын және еңбек ететін қазақстандықтар үшін арнайы санат (ауылдық санат) енгізілді, олар магистр дәрежесін алуға стипендия тағайындау кезінде конкурстық іріктеуге жеңілдетілген шарттармен қатыса алады (ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша 100 жуық мамандық)», - деді Бектенов.
Премьердің мәліметінше, ауылдық санаттағыларға шет тілінің деңгейіне байланысты (Қазақстанда – 9 айдан аспайтын, шетелде – 3 айдан аспайтын) 12 айға дейінгі мерзімге тілдік курстардан өтуіне қаражат төленеді және жетекші шетелдік университеттерге түсу кезінде көмек көрсетіледі. «Болашақ» бағдарламасының ауыл жастары үшін тартымдылығын арттыруда 2020 жылдан бастап «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ЖАО бірлесіп ауыл жастары үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетсек, мәжіліс депутаттары үкімет басшысына жолдаған «Дипломмен – ауылға!» жобасының іске асырылуына қатысты сауалында төмендегі ұсыныстарды айтқан:
1. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы оқыған ауылшаруашылығы мамандары тұрғын үймен толықтай қамтамасыз етілсін.
2. Оларға берілетін көтерме ақы көлемі 10 миллионға дейін ұлғайтылсын және ерекше қадағалансын.
3. Тапсырыс беруші, тапсырыс қабылдаушы оқу орны және білім алушы талапкермен үш жақты келісім шарт жасалсын.
4. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту мақсатында ауылдан шыққан түлектерге «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқулары үшін жеңілдіктер қарастырылысын.

Фото көзі: primeminister.kz


adimage