Денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік қызметкерлер үшін арнайы ипотекалық бағдарламаны әзірлеу ерте - Бектенов

Астана. 24 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан Републикасының премьер-министрі денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік қызмет саласының қызметкерлері үшін бастапқы жарнасыз арнайы ипотекалық бағдарламаны әзірлеуге қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
«Халықтың қалың жігінің, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызмет және басқа да санаттағы азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында үкімет кешенді жұмыс жүргізуде және мемлекеттік қолдаудың жан-жақты шараларын қабылдауда», - деп жауап берді Олжас Бектенов.
Перемьердің айтуынша, «Отбасы банкі» АҚ жергілікті атқарушы органдармен (ЖАО) бірлесіп моноқалалар мен аудан орталықтарының тұрғындарына, оның ішінде білім беру, медицина, мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтін жастарға жеңілдікпен кредит берудің өңірлік бағдарламаларын (Алматы жастары, Елорда жастары, Қарағанды жастары және тағы басқа) іске асыруда.
Сондай-ақ ол, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы шеңберінде дәрігерлер, педагогтар және мемлекеттік органдардың қызметкерлері тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жеңілдетілген ипотекалық несие алуға мүмкіндігі бар және «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ бағыты бойынша білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін тұрғын үйді жалға алу тетігі қарастырылған деді.
«Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап «Отау» жаңа жеңілдікті ипотекалық бағдарламасы іске қосылды, оның шеңберінде жас мамандар, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызмет салаларында жұмыс істейтін «Отбасы банкі» АҚ басқа да салымшылары өз тұрғын үйлерін сатып ала алады (анықтама: бағдарлама аясында жеті жыл ішінде 56 мың азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда)», - деп мәлімдеді үкімет башысы.
Бектеновтың мәлімдеуінше, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді енгізу көлемін еселеп ұлғайту жолымен ағымдағы жылы ЖАО шамамен 17,5 мың жалға берілетін тұрғын үй сатып алатын болады.
Сондай-ақ ол, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап купондық сыйақыны субсидиялау тетігі есебінен «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылатынын, оның шеңберінде 70 мыңға жуық азаматты, оның ішінде жоғарыда аталған саланың қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда, сонымен қатар Ұлттық банктің шешімімен «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы 2029 жылға дейін ұзартылғанын, ағымдағы жылы оны іске асыруға шамамен Т100 млрд көзделгенін айтты.
«Ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаны алып тастауға қатысты бұл талап кепілді қарыздар және соның салдарынан кредиттік тәуекелдер үшін қаржылық тәуекелдерді сақтандыру болып табылатынын атап өтеміз. Бастапқы жарнаны алып тастау қарыз алушыға ай сайынғы қаржылық жүктемені арттыратынын айту жөн», - деп түсіндірді премьер-министр.
Үкімет басшысы тұрғын үй жағдайларын жетілдіру үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына сәйкес бастапқы жарнаны енгізу, салымды толықтыру не тұрғын үй сатып алу кезінде алушының жақын туыстарының зейнетақы төлемдерін пайдалануына болатынын еске салды.
«Осыған байланысты қолданыстағы мемлекеттік қолдау құралдарының тізбесінің бар екенін, сондай-ақ мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті халықтың неғұрлым мұқтаж әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету және мемлекеттік бюджеттің шектеулі мүмкіндіктері болып табылатынын ескере отырып, денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік қызмет саласының қызметкерлері үшін қазіргі кезде арнайы ипотекалық бағдарламаны әзірлеу мәселесін қарауға ерте деп санаймыз», - деп хабарлады премьер.

Фото көзі: primeminister.kz


adimage