Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді – Тасмағамбетов

Астана. 10 қараша. ҚазТАГ – Бегілі қазақстандық саясаткер билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді деп санайды, деп жазды «Қазақ әдебиеті».
«Қазақ тілі өзінің ауызша және жазбаша бірізділігі бар әлемдегі жоғары дамыған 600 тілдің қатарында, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие 200 тілдің қатарында екен. Кез-келген тілдің әлеуеті оның сөздік қоры байлығымен өлшенеді. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде өте бай тіл. Бұл қазақ тілі – ғылым мен технологияның тілі емес дейтіндерге жауап», - деді Тасмағамбетов.
Сонымен қатар ол атап өткендей, адамзат тарихында талай халықтың тілі жойылып кеткен. Оның басты себебі – қолданыстан шығуы.
«Өкінішті-ақ, бірақ тіл мәселесі біз үшін өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ. Тәуелсіздігіне 30 жыл болған ел үшін бұл өте ұят», - деді бұрынғы премьер-министр және Алматы мен Нұр-Сұлтанның экс-әкімі.
Ол еске салғандай, 2001 жылы осы Тәуелсіздіктің 10 жылдығын атап өтетін болып, мемлекеттік комиссияның төрағасы болған.
«Сол кезде 5 облысты таңдап тұрып, хат жаздым. Барлығына бір ғана – «іс-қағазды толығымен қазақ тіліне көшіріңдер» деген талап қойдым. Одан бері 20 жыл уақыт өтті. Білуімше, Қызылорда мен қазіргі Түркістан облысынан басқасында нәтиже жоқ. Мәселе іс-қағазда ғана емес. Жаңа айтып өттім, жанашырлық ең бірінші биліктен бастау алу керек. Мәселе сонда. Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді», - деді Тасмағамбетов.

adimage