Тоқаев Тегеранда УХӘ ұшағының апатқа ұшырауына қатысты көңіл айтты

Күні: 22:04, 08-01-2020.

Астана. 8 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранда «Украина халықаралық әуежолы» ұшағының апатқа ұшырауына қатысты көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеран қаласы әуежайының маңында «Украина халықаралық әуежолы» компаниясы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан азаматтары қаза болған бірқатар мемлекет басшыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдады», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Белгілі болғандай, 8 қаңтарда «Украина халықаралық әуежолы» компаниясының әуе кемесі Тегеран қаласы әуежайының маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында шамамен 180 жолаушы болған.
Еске салсақ, 8 қаңтарда Иранда «Украина халықаралық әуе желілерінің» Boeing 737 ұшағы Тегерандағы Хомейни әуежайы маңында апатқа ұшырады. Ұшақ Киевке бағыт алған екен. Алдын-ала ақпар бойынша авиалайнер бортында 180 адам болған. Украина СІМ ақпары бойынша ұшақ бортындағылардың барлығы мерт болған. Иран Сыртқы істер министрлігінің Қазақстанның Тегерандағы елшілігіне берген алдын-ала ақпараты бойынша, Украина әуе компаниясының құлаған ұшағының жолаушылары арасында қазақстандықтар жоқ. Сонымен қатар, қазақстандық консул консулдық есепте тұрған Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен байланысып жатыр. Бүгінгі таңда есепте 174 ҚР азаматы бар.
Иран билігі украиналық ұшақтың апатқа ұшырауына мотор бөлігіндегі өрт себеп болған деді. Бұл ретте Тегеран ұшақтың апатқа ұшырауына зымыранның соғуы себеп болған деген нұсқаны теріске шығарды.
Air Astana әуекомпаниясы Ирак пен Иранның әуе кеңістігінен ұшудан бас тартты.
Өз кезегінде SCAT әуекомпаниясы да Қазақстаннан Сауд Арабиясы мен Шарм-Эль-Шейхке ұшу бағыттарын өзгертті.


Жаңалықтармен бөлісу: