Қазақстандағы су тасқыны – ТЖМ мәліметі

Астана. 27 наурыз. ҚазТАГ – Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны бойынша мәліметті ұсынды.
«Азаматтық қорғау құрылымдары мен қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды, су тасқынына қарсы облыстық жедел штаб іске кірісті, облыстың жергілікті атқарушы органдарының барлық деңгейлерінде су тасқынына қарсы штабтардың жұмысы ұйымдастырылды», – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметінен.
Ақмола облысы Қоянды ауылында үш жеке тұрғын үй мен екі уақытша құрылысты су басқан. Соңғы ақпар бойынша 80 мың текше метр қар суы сорылған. Оқиға орнында Ақмола облысы және Астана қаласының ТЖД, сондай-ақ ЖАО 76 адам, 17 бірлік техника мен 18 мотопомпа жұмыс жасап жатыр.
Ақмола облысы Ерейментау қаласы, Астраханка ауылы мен Қорғалжын ауылында тұрғын үйлердің аулаларын су басуына байланысты тұрғындар құтқарушыларды шақыруға мәжбүр болған. 240 текше метр су сорылған.
Қарағандыда Шахтеров даңғылы мен Сатыбалдин көшелірнің қиылысын қар суы басқан. Соның салдарынан 10 қабатты тұрғын үйдің жертөлесіне су толған. ТЖМ, ТЖД және әкімдік су сору, суды бұру, қорғаныш материалын қою және арнайы қаптармен кедергі жасау жұмыстарын жүргізуде.
Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйлердің суға кету дерегі тіркелмеген, дегенмен шамамен 100 мың текше мет су сорылған.
Риддерде ТЖД 10 адам мен беске жуық техникасы 110 текше метр қар суын сорған.
Абай облысы Аягөз қаласында Аягөз өзені арнасынан тасыған. Нәтижесінде бес ауланы су басқан. Қазіргі таңда өзен жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Семейде Озерск ауылдық округінің Қаракөл ауылына су далалықтан келген. Ауылға Абай облысының ТЖД күші мен құралы келіп жетті. Түнде белгілі болғандай, төрт ауланы су басқан. Сонымен бір мезетте қар суы Семей-Қарауыл автожолын шайып кеткен. ТЖМ хабарлағандай, қазір жағдай қалыпты.
Абай облысы Жарма ауданы Подхозное ауылында үш ауланы су басқан. Жағдай қиындайтын болса ТЖД және ЖАО 49 адамы мен 9 бірлік техникасы толық дайын екенін мәлім етті.
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылдық округінде Бірлік ауылынан 7 шақырым жерде қардың қарқынды еруі мен қар суының келуінен «Алтынай» ШҚ үйін су басқан. ТЖД күшімен үш жұмысшы Ембі қаласына жеткізілген
Ақтөбе облысы Шалқар қаласында төрт үй мен екі ауланы су басқан. Алты адам эвакуацияланған. 32 ірі-қара мал қауіпсіз жерге жеткізілген.
Ақтөбе облысы Шұбарқұдық ауылында жағдай қалыпты. Жеке тұрғын үйлерден алшақтағы учаскелерден су сору жұмыстары жүргізілуде.

adimage