Тоқаевтың Бозжыра қорығы бойынша тапсырмасы қонақ үй салынбайды дегенді білдірмейді – Ақорда

Астана. 18 қараша. ҚазТАГ – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысы Үстірт жазығындағы Бозжыра қорығы бойынша тапсырмасы қонақ үй жобасының болмайтынын білдірмейді, деп мәлім етті Ақорда баспасөз хатшысы Берік Уәли.
«Маңғыстау облысында туризмді дамыту – Үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар басталып кетті. Бес жұлдызды қонақ үй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз. Жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорағына орасан зиянын тигізуде», - деп жазды Уәли сәрсенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, Тоқаев «экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Ол үшін қажетті инфрақұрылым, ең алдымен, жайлы қонақүйлер қажет».
«Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке қонақ үй салу жобасын қайта қарауды тапсырды. Бірақ, бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді. Қоғамдық кеңестердің, эколог сарапшылардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлері ескеріле отырып, қонақ үй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалады», - деді Уәли.
Еске салсақ, 7 қарашада белгілі болғандай, Бозжыра тауында арнайы техника жүрген. Ақтаудан 300 км қашықтықта орналасқан тау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қазақстанның киелі нысандары тізіміне кіреді. Арнайы техниканың ол жерде жүруі қазақстандықтар арасында түсінбестік тудырды. Кейін Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі Маңғыстау облысындағы «Бозжыра сафари отель» жобасы тек дайын болғаннан кейін ғана қоғамдық тыңдалымға шығарылатынын мәлімдеді, ал әлеуметтік желіде тараған видеода облыс әкімдігінің шешіміне сәйкес «екі күнге болашақ нысанның болжалды орнына уақытша шатыр, мобильді дәретхана мен жылжымалы генератор орнатылып жатқаны» айтылған.
Бұл ретте, әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпарына сүйенсек, қонақ үй құрылысы шешіліп қойған мәселеге ұқсайды.


adimage