Журналист VIP-ұшақтар туралы: Бізге ҚР минкабинетінің жағдайын халыққа көрсетуге тыйым салынды

Астана. 16 наурыз. ҚазТАГ – Жыл сайын минкабинетінің мүшелері мен Қазақстан парламенті басшыларының ұшақпен жүрулеріне Т20 млрд. дейін жұмсалады, деп хабарлады бұрын мемлекеттік телевидениеде жұмыс жасаған журналист Ербол Мәндібек.
«Премьер-министр мен оның төрт орынбасары үшін жеке ұшақ қарастырылған, менің сөзіме мына сурет дәлел бола алады. Айта кетерлігі мемлекеттің авиацияға жұмсайтын шығындары еш жерде көрсетілмейді. Президент істері басқармасына тиесілі «Бүркіт» әуекомпаниясының сайтына кіріңіз, ол жерде сіз «суперджет» туралы ақпарат таба алмайсыз», - деп жазды Мәндібек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол «қоғамнан жыл сайын жасырып келген миллиардтар туралы» айтуды жөн санаған, сонымен қатар ол суреттегі ұшақтың $140 млн тұратынын және 2015 жылы жарыққа шығарылғанын айтқан.
«Біз осындай жаңа төрт ұшаққа қаржының шамадан тыс жұмсалатынының куәсі болдық. Шамадан тыс, себебі мына тұрған Қарағандыға кей беделді адамдардың осындай ұшаққа тапсырыс бергенінің куәсі болдық. Мен ғана емес, танымал блогерлер де Алматыға Талдықорғаннан ұшып келгендердің куәсі болды. Бізге басынан-ақ мұндай VIP-ұшақтарды суретке түсіруге тыйым салды – халыққа үкімет мүшелерінің қалай тұратынын көрсетпеу туралы тапсырма келіп түсті. Қызығы осындай жайлы ұшақтарда мен тоқтаусыз екі жыл ұштым», - дейді журналист.
МемБақ-тың экс-қызметкерінің айтуынша, үкіметтің әуе кемесі Нұр-Сұлтан әуежайында VIP-терминал ауданында тұрады, ол тәулік бойы «үкімет мүшелері мен Forbes тізіміндегі байларға қызмет етеді».
«Премьер-министр Асқар Маминнің ұшағына басқалар міне алмайды, ал вице-премьерлердің өңірлерге жұмыс сапарлары үшін жеке бизнес-борт қарастырылған, оларға министрлерге отыруға рұқсат етіледі. Алайда Бейбіт Атамқұлов секілді миллиардер-министрлер және «Самұрық-Қазынадағы» Есімовтың (Ахметжан-ҚазТАГ) деңгейіндегі топ-менеджерлер үшін жеке компанияларға ұшақтарға тапсырыс береді. Бизнес-кластағы ұшақ сағатына 5 мың еуро тұрады. 10 сағатқа жалға алғанда – 50 мың еуро болады. Бұл шамамен Т25 млн. және бұл тек бір бағытқа ғана жұмсалатын шығындар. Ал халықаралық ұшулардың бағасы 40 мың еуродан басталады. Жыл сайын кем дегенде 30-40 ішкі және сыртқы жұмыс сапарлары жоспарланады. Санай беріңіздер – миллиардтап қаржы кетеді»,- деді автор.
Бұдан басқа, ол атап өткендей, «ұшақтан ұшаққа секіріп жүрген» үкімет мүшелерінің шығындары туралы ақпаратты тырыссаңыз табуға да болады екен.
«Жыл сайын республикалық бюджеттен премьер-министрді, премьер-министрдің төрт орынбасары мен министрлерді, сенат пен мәжіліс спикерлерін тасу үшін Т15 млрд - Т20 млрд аралығында бөлінеді, президент әкімшілігіне есеп беретін «Бүркіт» әуекомпаниясы мемлекетке тиесілі. Басқаша айтсақ, көп құрамды, бірақ кереметтей бір сапа көрсетіп жатпаған үкіметіміздің халықтың ақшасын аспанға шашуы 20 жылдан бері жалғасып келеді»,- деп жазған журналист.
Ол атап өткендей, мемлекеттік телевидениеде күн сайын премьер Маминнің «түске дейін Түркістанда, күндіз Қарағандыда, кешке Көкшетаудан Алатауға жететінін» хабаралап жатады. Сонымен қатар «Ералы Тоғжанов Атырауда, Әлихан Смаилов Алматыда, Роман Скляр Петропавлда жүр деген ақпаратты да» жиі естиміз.
«Осылай қарап отырсақ, үкімет үнемі қозғалыста. Үкімет үшін ұшақпен ұшу әжетханаға барумен бірдей. Қызмет көрсету көлеміне тамақ, қызыл және қара уылдырық, арақ және виски, экзотикалық жемістер кіреді. Орта есеппен соңғы 10 жылда үкіметтің ұшуына бюджеттен шамамен Т200 млрд жұмсалған. Бұған 19 министрдің іс-сапар шығындарын қосыңыз. Мәселен, Бейбіт Атамқұлов басшылық етіп отырған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі іс-сапар шығындарына Т250-300 млн бөлген. Басқаша айтсақ, үкімет халықты емес, халық үкіметті тамақтандырып отыр. Ол ұшақтарға миллардтап, автокөліктерге миллиондап жұмсап отыр, пайыз түрінде бонустар мен жоғары жалақысы тағы бар», - деді автор.
Салыстыру үшін ол көп балалы аналар көтеріп жатқан тұрғын үй мәселесін келтірген
«Қазақстанда жыл сайын 30-40 әйел үшемді дүниеге алып келеді екен. Үшем туған аналарға Қазақстанның кез-келген қаласынан кезексіз баспана беру туралы ұсыныс болды. Алайда үкімет үшем дүниеге әкелген бірнеше әйелдің шығындарын көтеруден бас тартты. Өздеріңіз қорытынды жасай беріңіз», - деп түйген сөзін Мәндібек.

adimage