«Қаламқас» кен орнында тағы да болған су-газ қоспасының атқылауынан кейін жедел штаб құрылды

Астана. 24 мамыр. ҚазТАГ – Маңғыстау облысы «Қаламқас» кен орнында тағы да болған су-газ қоспасының атқылауынан кейін жедел штаб құрылды, деп хабарлады «ҚазМұнайГАЗ» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінен.
«2019 жылдың 22 мамырында сағат 18.20 шамасында Қаламқас кенорнында орналасқан №8237 ұңғымасы аумағында биіктігі 40-50 сантиметр су-газ қоспасының атқылауы (грифон) пайда болды. Сондай ақ, №8237 ұңғыма сағасында қысымның 4 атмосфераға дейін жоғарылауы байқалды. Жүргізілген арнайы шаралардан кейін құбыр ішіндегі қысым 2,2 атмосфераға дейін төмендеді. Бұл туралы мемлекеттік құзырлы органдарға хабар берілді. (…) Қазіргі таңда жедел штаб құрылды», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Ұлттық компанияда су-газ қоспасының пайда болу аймағында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, оны оқшаулау бойынша қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап шықты.
Қауіпті аймақтар анықталды, қауіпті деп табылған аймақ қоршауға алынып, апат салдарын жоюға тікелей қатысы жоқ адамдарды өткізуге тыйым салынды; грифонның айналасына топырақ (мергель) төгу жұмыстары жүргізілді; ұңғыманы басқару тетіктері сақталған, атындыны болдырмау жабдықтарымен жабдықталған, дроссельдеу және тұншықтыру блоктары қондырылған, ұңғымадағы қысымды экологиялық ыдыс және технологиялық шамның көмегімен азайту арқылы грифонды жеңілдету шаралары жүргізілуде; радиусы 500 метр аумақта 8 су айдау ұңғымасының жұмысы тоқтатылды», - делінген хабарда.
Сонымен қатар, алдағы уақытта кен орнын бұрғылау және пайдалану кезінде тосын жағдайларды болдырмау жөнінде тиісті шаралар қабылдануда.
Осыған дейін үстіміздегі жылдың наурыз айында орын алған грифонның жану оқиғасынан кейін «ҚазМұнайГаз» ӨБТ ҒЗИ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және тәуелсіз сарапшылардан тұратын жұмыс тобы құрылды.
«Аталған жұмыс тобы №8237 апаттық ұңғымасының айналасынан ауданы 4 шаршы шақырымды құрайтын зерттеу аймағын белгіледі. Бұл аймақта 98 ұңғыма тексеруге алынды, олардың арасында жұмыс істейтіндері мен істемейтіндері және жойылған ұңғымалар бар. Зерттеу жұмыстарының мақсаты – грифонның пайда болу, табиғи газ бен су шоғырланған жер қабаттарындағы техногендік газдың ықтимал көшу себептерін анықтау болып табылады. Жалпы, грифонның қайта пайда болуына дайын едік. Осыған орай, тиісті іс-шаралар мен дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілді. №8237 апаттық ұңғымасы техногендік газ бен судың қайта шоғырлануы байқалған кезде жеңілдетуші ұңғыма ретінде пайдалану үшін икемделді. Ұңғыма сағасы өртке қарсы құрылғылармен жабдықталып, босаған газ бен суды технологиялық ыдыстарға құю желісі орнатылды», - деді ҚМГ-нен
Еске салсақ, 25 наурызда сағат 07.10-да Маңғыстау облысы ТЖД кезекші-диспетчер қызметіне Маңғыстау ауданы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ «Қаламқас» мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінде 900 ш.м. алаңда ашық өрт шыққан. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрт сөндіру орнында Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаевтың жетекшілігімен жедел штаб ұйымдастырылды.
26 наурызда «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ баспасөз қызметінен кен орнында шыққан өртті өрттің негізгі көзіне апаратын кірме жолдардың болмауынан сөндіру мүмкін болмай жатқанын хабарлаған еді.
Өрттің шығуына бұрғылау ұңғымасындағы апат себеп болған. Атап айтсақ, 24 наурызда белгілі болғандай, 13 наурызда сағат 17.30-да «Қаламқас» кен орнында «Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» ЖШС (Ақтау) жобалық тереңдігі 903 м №8237 ұңғымасын бұрғылау кезінде газ-су қоспасының атқылауы орын алған. Қазақстан энергомині апаттың салдары 24 наурыз кешке дейін жойылады деп мәлімдеген еді.
26 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаламқастағы» жағдайды жеке бақылауына алғанын мәлімдеген еді.
28 наурызда энергомині кен орнындағы өрттің сөндірілгенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, ведомствода хабарлағандай, «Қазгидромет» РМК кен орны аймағындағы топырақ пен атмосфералық ауадан, кен орны аумағындағы Каспий теңізінің суынан жоспардан тыс сынама алған. Энергоминінде мәлімдегендей, шекті нормадан асқан зиянды заттар анықталмаған.
«ҚазМұнайГаз» ҚК АҚ (ҚМГ) жағдайға түсінік бере келе, «алдын -ала ақпар бойынша материалдық шығын да көп емес» деп мәлімдеді.
19 сәуірде ҚР энергомині 150 АЕК көлемінде айыппұл сала отырып, анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін «Қаламқас» кен орнында жұмыс жасаған «ИБК «СиБу» ЖШС лицензиясын уақытша тоқтатты.
2 мамырда ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму минстрлігі комиссияның аварияны тергеп-тексеру шешімі бойынша «Си Бу» Инженерлі Бұрғылау Компаниясы» ЖШС айыбы анықталып, аварияның себептері мен мән-жайлары көрсетілген акт жасалып және осындай авариялардың алдын алу бойынша шаралар әзірленгенін жеткізді. Тергеп-тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілген.

adimage