Қазақстанның 10 өңірінде жылыту маусымы басталды

Астана. 15 қазан. ҚазТАГ – Қазақстанның 10 өңірінде жылыту маусымы басталды, деп хабарлады ҚР инвестиция және даму министрлігінің баспасөз қызметінен.  
«Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен 2018-2019 жылдар кезеңінің жылыту маусымына дайындық пен оны ойдағыдай өткізу мәселесі бойынша селекторлық кеңес өтті. (…) Бүгінгі таңда Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында жылу беру маусымы басталып кетті», - делінген дүйсенбіде ИДМ хабарында.
Хабарда атап өтілгендей, кеңес барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын және халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Облыс әкімдері өкілдерінің хабарлауынша, алдағы жылыту маусымына дайындық аяқталып келеді.
«Жергілікті атқарушы органдардың берген ақпараттары бойынша, негізгі жоспардың 99,99%-ы немесе 10 989 білім беру нысаны дайындалды. 6 246 денсаулық сақтау нысаны дайын, яғни, 100 %.  Жөндеу жұмыстары жоспарланған 45 716 тұрғын үйдің 45 604-і немесе 99,8%-ы дайын. Бұл жұмыс жақын уақытта толық аяқталатын болады», - деді ведомстводан.
12 қазандағы дерек бойынша, көмір өндіруші компаниялар жыл басынан бері түрлі маркалы 84,8 млн. тонна көмір өндірген. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6 %-ға (4,5 млн.тонн)  артық.
«Көмір өндіретін кәсіпорындардың қоймаларындағы қорды есептегенде жыл басынан бері 80,55 млн. тонна көмір тиеліп, жөнелтілген. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (79,2 млн. тонна) 1,35 млн. тоннаға артық», - делінген хабарда.  
Сонымен министрлік ақпарынша, энергетикалық мақсатқа 44,5 млн. тонна көмір жеткізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,9% (42,8 млн. тонна). 8,85 млн. тонна көмір коммуналдық қажеттіліктерге және халыққа жеткізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,9% (8,6 млн. тонна). Өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,8 млн. тонна көмір жеткізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 99% (5,84 млн. тонна). Осы кезеңде 21,4 млн. тонна көмір экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,9%, (21,97 млн. тонна).
«Жылыту маусымына дайындық басталған 1 мамырдан 12 қазанға дейін теміржол арқылы 32,0 млн. тонна көмір тасымалданды, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 млн. тоннаға немесе 5%-ға артық. Бүгінгі таңда көмір тасымалдауға 29 мың вагон жұмылдырылып отыр. Соның ішінде коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалы үшін 9 мыңға жуық вагон бөлінген. Бұл түскен тапсырыс көлемін тасымалдауды толық қамтамасыз етеді», - деп хабарлады ИДМ.  


adimage