Қытай коронавирус таралып кетпес үшін Көктем мерекесіне орай демалысты үш күнге ұзартты

Алматы. 27 қаңтар. ҚазТАГ – Қытай коронавирус таралып кетпес үшін Көктем мерекесіне орай демалысты үш күнге ұзартты, деп хабарлады «Синьхуа».
«Қытай дүйсенбі күні түрі жаңа   коронавирустың таралуына жол бермес үшін Көктем мерекесі - ай күнтізбесі бойынша дәстүрлі Қытай Жаңа жылына қатысты демалысты 2 ақпанға дейін ұзарту туралы мәлімдеді. ҚХР мемкеңесінің кеңсесінде хабарлағандай, аталмыш шара адамдардың жаппай жиналуын қысқарту, эпидемияның таралуының алдын алу және халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Биыл мерекелік демалыс 24 қаңтарда басталды және 30 қаңтарда аяқталуы тиіс болатын», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, елдегі барлық ЖОО-лар, бастауыш және орта мектептер, балабақшалар кезекті нұсқау берілгенге дейін көктемгі семестрдің басталуын кейінге шегерді.
«Ал эпидемияға қарсы жұмыстар жүргізу  қажеттілігіне байланысты уақытында демалысқа кетіп үлгермегендер ҚХР Еңбек кодексіне сәйкес демалыс ала алады. Көктем мерекесіне орай қолданылмаған демалыс күндері үшін олардың жалақылары мен ақшалай өтемақылары тиісті саясатқа сәйкес төленеді», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 2019 жылдың желтосқан айының аяғында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмонияның өршуі орын алды. Соңғы ақпарға сәйкес, қазір 2.7 мың науқас тіркеліп, олардың 80-і көз жұмған. Көптеген елдер, соның ішінде Қазақстанда да пневмонияның өршуіне орай әуежайлар мен шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде бақылауды күшейтті. Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға коронавирустың таралуына орай Ухань қаласына барудан бас тарта тұруға ұсыныс білдірді. ҚР СІМ ақпарынша, Қытайдың Ухань қаласында 98 қазақстандық студент қалып отыр.
26 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуын болдырмаудың алдын алу үшін ұйымдастырушылық шараларын қабылдауды тапсырды. Сол күні Қазақстан көрші елден ел аумағына вирустың кіріп кетуінің алдын алу мақсатында «Қорғас» халықаралық шекарамаңы ынтымақтастық орталығы (ХШЫО) және Қытаймен мемлекеттік шекара маңындағы барлық бақылау-өткізу пункттерін уақытша жапты.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан cаll-орталық (1406, +7 717 2 76 80 43) іске қосылды. Азаматтар осы нөмірлерге тәулік бойына хабарласып, әлемдегі коронавирусқа қатысты ахуал жайлы және аурудың негізгі белгілері мен алдын алу шараларына байланысты ақпарат ала алады.

adimage