2016 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық РФ-дан қайтарылды

Астана. 12 қараша. ҚазТАГ - 2016 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық Ресейден табылды, деп хабарлады ҚР қаржы министрлігі (ҚМ) қаржылық мониторинг комитеті (ҚМК) баспасөз қызметінен.
«2016 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген (ҚР азаматын – ҚазТАГ) 25 қазанда Калининградта ҚР ҚМ ҚМК экономикалық тексеру қызметінің өзара әрекет етуімен ресейлік құқыққорғаушы орган қызметкерлері ұстады. Ресей Федерациясының аумағында ол жалған құжатпен тұрып жатқан. (…) 9 қарашада Ресейдің сот органдарының шешімімен ұсталған азамат қылмыстық жауапқа тарту үшін Қазақстанға қайтарылды», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Ведомство ақпарынша, қазақстандық экономикалық қызмет саласында ҚР ҚК 245 бабы 3 бөлімінде (ұйымдарға салынатын салықты және (немесе)бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару), 262 бабы 2 бөлімінде (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін тергеуден жасырынған еді.
«Аталмыш азаматтың қылмыстық әрекетімен мемлекетке Т2 млрд сомадан астам зиян келтірілген», - делінген хабарда.

adimage