2019 жылдың 4 айы ішінде зейнетақы төлемдері 74,2 млрд теңгені құрады

Алматы. 23 мамыр.ҚазТАГ - Табыс салығын ескере отырып, 2019 жылдың 4 айы ішінде зейнетақы төлемдері 74,2 млрд теңгені құрады, деп хабарлады «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметінен.
«Табыс салығын ескере отырып, 2019 жылдың 4 айы ішінде зейнетақы төлемдері 74,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жасына байланысты төлемдер – 35,3 млрд теңге (барлық төлемдердің 48%), сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар – 15,7 млрд теңге (21%), ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты кетуге байланысты төлемдер – 13,0 млрд теңге (18%), мұрагерлік және жерлеуге байланысты төлемдер – 9,3 млрд теңгені (12%) құрады», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
2019 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,8 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 382,4 млрд теңгеге немесе 4 пайызға өсті. Бұл ретте былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 1,6 трлн теңгеге немесе 20 пайызға жетті. Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі (9,5 трлн теңге) міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) құралған, делінген хабарда.
Шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 10,4 млн бірлікті құрады. Оның ішінде шоттардың 94,8 пайызы – МЗЖ есебінен, 4,7 пайызы – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен, ал тек 0,5 пайызы – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен ашылған.
БЖЗҚ атап өткендей, егер әрбір жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың көлеміне қарайтын болсақ, ағымдағы жылдың 1 мамырына қарай жағдай төмендегідей: МЗЖ бойынша ЖЗШ-дағы орташа жинақ сома 1 млн теңгеден сәл ғана астам; МКЗЖ бойынша ЖЗШ-дағы орташа жинақ сома 451,4 мың теңгені құрайды, ЕЗЖ бойынша ЖЗШ-дағы орташа жинақ сома 50,8 мың теңгені құрайды.

adimage