2023 жылы шетелдiк көліктік рұқсаттар бланкiлерi бойынша заң бұзғандар Т397,6 млн айыппұл төлеген

    Астана. 17 сәуір. ҚазТАГ - 2023 жылы шетелдiк көліктік рұқсаттар бланкiлерi бойынша заң бұзғандар Т397,6 млн айыппұл төлеген, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
   «Сауалда шетелдік жүк тасымалдаушыларға ел аумағынан өту үшін автомобиль көлігі жəне көліктік бақылау комитетімен (комитет) рұқсаттың негізсіз берілуі, рұқсат бланкілерінің заңсыз сатылуы жəне басқа да дəлелдер келтірілген. Осыған байланысты жоғарыда аталған фактілер бойынша бас көлік прокуратурасы «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 20-бабына сəйкес комитет қызметіне қатысты талдау жүргізуді бастады», - деп жауап берді Қазақстан Республикасы бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев депутаттық сауалға.
Оның айтуынша, қазіргі таңда атқарылған жұмыс барысында 2023 жылы комитетпен 94 908 шетелдік рұқсат бланкілері берілгені анықталды.
«Аталған мерзімде шетелдік жүк тасымалдаушылардың 49 583 автокөлік құралдары комитетпен тексеріліп, 2 654 тұлға (халықаралық тасымалдауды рұқсатсыз жүзеге асыру, шетелдiк рұқсаттар бланкiлерiн басқа тасымалдаушыға беру, шетелдiк тасымалдаушының заңнамаға сəйкес ресiмделмеген рұқсатты пайдалану жəне тағы басқа заң бұзушылықтар) əкімшілік жауапқа тартылған (Т397,6 млн айыппұл салынып, өндірілді)», - деп хабарлады Өмірәлиев.
«Талдау аясында бас көлік прокуратурасы мемлекеттік кірістер комитетіне («SOFI-TRANS» ЖК-ның (ЖК) №200.00 жəне 910.00 нысанындағы декларацияларын ұсыну), ішкі істер органдарына (ЖК-ға тиесілі автокөлік құралдарының тізімін беру), сондай-ақ комитетке (рұқсаттарды беруге негіз болған құжаттарды ұсыну туралы) сұратулар жіберді», - деп мәлімдеді бас прокурордың орынбасары.
Өмірәлиев талдау қорытындысы бойынша заң бұзушылық белгілері анықталған жағдайда тексеру іс-шаралары ұйымдастырылатынын айтты.

Фото көзі: pixabay.com


adimage