Ақмола облысында инспекторлар ақбөкендерді атқан деген күдікке ілінді: іс сотқа жөнелтілді

Астана. 5 қараша. ҚазТАГ – Ақмола облысында «Охотзоопром» РМҚК инспекторлары ақбөкендерді атқан деген күдікке ілінді, деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметіне.
«Қылмыс осы жылдың наурызында тіркелген. Полицияға «Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» РМҚК директорының хабарлауынша, 17 наурызда қорық аумағының әр жерінен мүйізі кесілген 154 өлі ақбөкен табылды. Мемлекетке 1 млрд 435 млн-нан астам теңге шығын келтірілген. Ақбөкендерді атуға қатысты ҚР ҚК-нің 337-бабының 5-бөлігі (заңсыз аң аулау) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмысқа сирек кездесетін және жойылу алдында тұрған аң түрлері мен ақбөкендерді қорғауға міндетті «Охотзоопром» РМҚК өңірлік филиалының қызметкерлерінің қатысы бар», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Тергеу барысында анықталғандай, кәсіпорынның екі қызметкері кедергісіз атуды ұйымдастырған және олардың екі танысы ақбөкендерді атқан.
«Сондай-ақ тәртіп сақшылары жануарлардың мүйізін сатып алған адамды анықтады, ол Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шықты. Оның гаражынан Рессей Федерациясы аумағына контрабандалық жолмен тасымалдау және одан әрі ҚХР-ға сату үшін дайындалған, арамен кесіп алынған ақбөкендердің мүйізі табылып, тәркіленді», деді ІІМ-нен.
Ведомствода нақтылағандай, ақбөкендерді атты деген күдікке ілінген браконьерлерге ҚР ҚК-нің 339-бабы (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша айып тағылды. «Қылмыстық іс сотқа жіберілді»,- делінген хабарда.
Еске салсақ, 17 наурызда Ақмола және Қарағанды облыстарында мүйіздері кесілген 100-ден аса өлі ақбекендер табылған. Атламыш дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, барынша тәжірибелі қызметкерлерден, табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мен кинологтардан жедел-тергеу тобы құрылды. Ақбөкендерді жаппай ату күдігі бойынша полиция қызметкерлері бір топ күдіктілерді ұстады, олардың арасында ауыл шаруашылық министрлігінің «Охотзоопром» РМҚК инспекторлары да бар. Күдіктілерге қатысты сот қамауға алу түрінде бұлтартпас шарасына санкция берді. Күдіктілердің тұрғылықты жерлерін тінту барысында қылмыс жасалған қарулар мен ақбөкендердің мүйіздері тәркіленген.

adimage