2024 жылы агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру Т1,2 трлн құрайды - Бектенов

Астана. 4 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
«2014 жылдан 2023 жылға дейін ауыл шаруашылығын субсидиялау бағдарламалары жергілікті бюджетке біртіндеп берілген. 2024 жылы агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) субсидиялауға Т435,7 млрд қарастырылған, оның ішінде: өсімдік шаруашылығына – Т95,4 млрд; мал шаруашылығына – Т114,6 млрд; ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге – Т11,3 млрд; қаржы құралдарына – Т210,5 млрд; балық шаруашылығына – Т3,9 млрд», - деп хабарлады Олжас Бектенов.
Премьердің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта республика бойынша күту парақтарымен бірге Т320,9 млрд (өсімдік шаруашылығын субсидиялауға Т96,9 млрд, мал шаруашылығын субсидиялауға Т43,5 млрд, қаржы құралдарына Т175,9 млрд, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге Т4,6 млрд) қосымша қаржы қажет.
Сонымен қатар, ол 2024 жылы Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығын субсидиялауға Т19,8 млрд (өсімдік шаруашылығына Т4 млрд; мал шаруашылығына Т5,4 млрд; балық шаруашылығына Т200 млн; қаржы құралдарына Т9,4 млрд; ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге Т857 млн) қарастырылғанын атап өтті.
Сондай-ақ Бектенов, бүгінгі таңда Жамбыл облысының алдына қойылған тапсырмаларды іске асыру мақсатында берілген бюджеттік өтінімдерге сәйкес төмендегі бағыттарға Т31,4 млрд сомасында қосымша қаражат қажет екендігін айтты:
- өсімдік шаруашылығына Т10,8 млрд (басым дақылдарды субсидиялауға Т8,6 млрд, тыңайтқыштарды субсидиялауға Т2,2 млрд);
- мал шаруашылығына Т6 млрд;
- балық шаруашылығына Т0,075 млрд;
- қаржы құралдарына Т13,4 млрд (инвестициялық субсидияларға Т8,3 млрд, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға Т5,1 млрд);
- ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге Т1,2 млрд.

Үкімет басшысы республика бойынша оның ішінде Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығын субсидиялауға қосымша қажеттілік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралатынын және үкімет республикалық бюджетті нақтылаған кезде республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарылатындығын хабарлады.
«Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2024-2028 жылдары екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалуына келсек, әрбір өңір үшін қолда бар өсу резервтері мен даму әлеуетін ескеріп, индикативтер белгілеу және жеткізу бойынша өңірлердің алдында қойылған міндеттерге қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар жүргізілді», - деді премьер.
Оның айтуынша, көрсетілген стратегиялық құжаттар іске асырылатын болса, ауыл шаруашылығы жалпы өнімін өндіруді бес жылда екі есеге ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау көзделеді:
- Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шеңберінде субсидиялау көлемін кемінде екі есе рұқсат етілген деңгейге дейін жеткізу;
- көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын кемінде Т1,5 трлн көлемінде жеңілдетілген кредиттеумен қамтамасыз ету (тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер, ЖЖМ сатып алу);
- ауыл шаруашылығы техникасын жылына 8-10 % деңгейінде жаңарту мақсатында отандық ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуды қаржыландыру үшін жеңілдікті лизинг көлемін Т450 млрд дейін жеткізу;
- инвестициялық жобаларды Т800 млрд сомасына, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша іске асыруды қаржыландыру.
«Ағымдағы жылы АӨК субъектілерін қаржыландыруға Т719 млрд қарастырылған, осылайша 2024 жылы субсидияларды ескерсек, АӨК-ті қаржыландырудың жалпы сомасы Т1,2 трлн құрайды», - деп мәлімдеді үкімет басшысы.

Фото көзі: pixabay.com


adimage