Ақмола облысында жоғалған астаналықтың денесі көлігінен бес шақырым жерден табылды

Көкшетау. 20 ақпан. ҚазТАГ – Ақмола облысында жоғалған астаналықтың денесі көлігінен бес шақырым жерден табылды, деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметінен.
«19 ақпанда Шортанды полиция бөлімінің кезекші бөліміне Нұр-Сұлтан тұрғынынан оның 1953 жылы туған танысының Новокубанка мен Белое Озеро ауылдары арасында Nissan Patrol маркалы көлігімен қар құрсауында қалғаны туралы хабар келіп түскен. Ер адамды құтқару үшін шұғыл түрде полиция қызметкерлерінен, құтқарушылар мен жергілікті тұрғындардан іздестіру тобы құрылды. Іздестіру шараларын жүргізу үшін арнайы техника мен қарда жүргіш көлік қолданылды. Қолданылған шаралар нәтижесінде 20 ақпанда ер адамның денесі көлігінен 5 шақырым жерден табылған», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Алдын-ала нұсқа бойынша қар құрсауына тап болған жүргізуші өз көлігінен шығып, жақын маңдағы ауылға бармақ болған.
«Полицейлер тағы да азаматтардан қалың қар мен бұрқасын кезінде елді мекен сыртына шығудан бас тартуға, ауа райының өзгерісін қадағалауға, дауылды ескерту туралы хабарламаларға мән беруге, ал қиын жағдайға тап болған кезде «112» және «102» құтқару қызметінің телефондарына хабарласуға кеңес береді», - деді ПД-нен.

adimage