Ақордада ұсталған белсенділердің соты бүгін болады - ІІМ

Астана. 18 ақпан. ҚазТАГ – Махамбет Әбжан. Ақордада 17 ақпанда ұсталған белсенділердің соты бүгін болады, деп хабарлады ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
«(Ақордада ұсталған белсенділердің – ҚазТАГ) соты қазір басталады. (…) Кеше тек бір адамға қатысты өткіздік, себебі (жеткізілгендер – ҚазТАГ) судьяға қарсылық білдірді. (…) Ол (Санавар Закирова – ҚазТАГ) (Нұр-Сұлтандағы Есіл ауданы аудандық полиция бөлімі – ҚазТАГ) полиция ғимаратында», - деді Тұрғымбаев сейсенбі күні үкімет кулуарында агенттік тілшісіне.
Ал неге белсенділерге адвокат Бауыржан Азановты жіберген жоқ деген сұраққа министр жауап бермеді, алайда ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз бұл мәселені «жұмыс тәртібінде қарауға» уәде берді.
Бұған дейін хабарлағандай, Нұр-Сұлтанда Ақорда алдында 17 ақпанда ұсталған азаматтық белсенділерге адвокат Бауыржан Азановты жібермеген болатын.
17 ақпанда хабарлағандай, Нұр-Сұлтанда қарсылық білдірушілерге Ақордаға баратын жолда кедергі келтірілген еді. Кейін белгілі болғандай, белсенді Қанағат Такеева Нұр-Сұлтанда полицияға бағынбағаны үшін бес тәулікке қамауға алынған.
Хабарда атап өтілгендей, көпірде шамамен сағат 10.30-да ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ақорда кеңсесіне хат апарып бермек болған көп балалы аналар, ипотекалық кредит алғандар, мүгедек балалардың аналары жиналған болатын. Олар өз проблемаларына мемлекет басшысының назарын аудартқысы келген еді, алайда күш құрылымдары олардың жолына бөгет болды.
Еске салсақ, 13 қаңтарда көпбалалы аналар Нұр-Сұлтанда Ақорда мен үкіметке әлеуметтік төлеуді көтеру және тұрғын үй мәселесін шешуге қатысты талаптарымен келген еді. Әйелдер АӘТ тағайындалуының жаңа форматына көңілдері толмайтындарын және әлеуметтік төлемдер инфляция үнемі көтеріліп жатқан жағдайда қажетті азық-түлік өнімдері мен ең басты қажеттілік заттарын алуға жеткіліксіз екенін жеткізді.
Көп балалы аналардың азаматтық акцияларға қатысуы Астанада 4 ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққаннан кейін жиілеп кеткен. Өртті сөндіру барысында бес баланың мәйіті табылған: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналар ол кезде жұмыста болған. Көптеген қазақстандықтың пікірінше, егер елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай түнгі ауысымдағы жұмысқа бару үшін балаларын қараусыз қалдыруға тура келмейтіндей жағдай жасаса ғана қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.

adimage