АҚШ мамандары Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейін бағалау үшін келді

Күні: 17:37, 19-10-2021.

     Астана. 19 қазан. ҚазТАГ-АҚШ көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA) мамандары мен АҚШ елшілігінің экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасының (EXBS) сарапшылары Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейін бағалау үшін келді, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің (ААК) баспасөз қызметі.
    "Қазақстанның авиациялық билігінің шақыруы бойынша Қазақстан әуежайларын рейстерге қызмет көрсету қабілетіне сертификаттау және Америка Құрама Штаттарына ұшу үшін CAT1 тағайындау бойынша жұмыстар басталды", - делінген сейсенбі күнгі хабарламада.
    ААК нақтылағандай, TSA мамандары Дэниел Маккуэйд, Дейл Джон Вурстен, Джаред Пол Даоча, Роберт Майкл Хуқансон, Стивен Пол Ной және EXBS сарапшылары Ник Кавеллеро мен Анар Шайкенова Азаматтық авиацияның қазақстандық авиациялық реттеуішінің қызметімен және әуежайлар мен авиакомпаниялардағы авиациялық қауіпсіздік жүйесімен танысты.
    "Кездесу барысында Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу үшін TSA аудитінен одан әрі өту мәселелері талқыланды. TSA және EXBS мамандары авиациялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерді олардың халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкестігі тұрғысынан пысықтады, авиациялық персоналдың біліктілігін арттыру бойынша консультациялар өткізді", - делінген хабарламада.
    Бұдан басқа, авиациялық билік орындарының авиациялық қауіпсіздік саласындағы әуежайлар мен азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға тиімді бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қабілеті зерделенді.
    "2021 жылғы 20-29 қазан аралығында АҚШ мамандары Нұр-сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларына әуежай периметрінің қауіпсіздік жүйесімен танысу, аумаққа кіруді бақылауды қамтамасыз ету, борттық тамақтану қауіпсіздігін және жүк пен пошта қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барады", - деп толықтырды ААК.


Жаңалықтармен бөлісу: