Ақтөбе облысында бір топ адамды ұстау барысында киіктің 135 мүйізі тәркіленді

Ақтөбе. 12 тамыз. ҚазТАГ – Ақтөбе облысында бір топ адамды ұстау барысында киіктің 135 мүйізі тәркіленді, деп хабарлады ҚР ішкі істер министрлігінің Polisia.kz. ресми интернет-ресурсынан.
«Ақтөбелік полицейлер киіктерді атып, олардың дериваттарын сатумен айналысқан бір топ адамды ұстады. (…)Күдіктілерден жалпы салмағы 50 кг болатын 135 дана дериват (мүйіз), 11 дана қол таразы тәркіленді. Сонымен қатар, күдіктілердің бірінің үйін тінту барысында тіркелмеген мылтық тәркіленіп, қорадан екі киік пен жабайы қабан табылды», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Осылайша, күдіктілер жойылып бара жатқан киік жануарының 70 басын атып, мемлекетке және қоршаған ортаға үлкен зиян келтірді.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер Ақтөбе қаласы Әйтеке би ауданы тұрғындарының киік дериваттарын заңсыз ату мен сату айналымына қатыстылығы туралы жедел ақпарат алды. 10 тамызда Қарабұтақ кентінде күдіктілермен кездесу ұйымдастырылды, полицейлер сатып алушылар ретінде кездескен», - дейді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.
Оның айтуынша, арнайы қабылданған шаралар нәтижесінде облыстық ПД қызметкерлері бұрын сотталған төрт адамды ұстады, олардың екеуі Әйтеке би ауданының шаруа қожалықтарының басшылары болып шықты.
«Берілген факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігі (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және Құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз іс жүргізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген хабарда.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында киіктерді заңсыз атудың екі фактісі және дериваттарды заңсыз қолданудың сегіз фактісі тіркелді.

adimage