Алматыда коронавируспен ауырғандарға арналған бокс типті 20 палата әзірленген

Алматы. 28 қаңтар. ҚазТАГ – Алматыда коронавируспен ауырғандарға арналған бокс типті 20 палата әзірленген, деп хабарлады қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаева.
«Қалалық инфекциялық аурухана базасында бокс типті 20 палата ұйымдастырылған, біреуі жан сақтау түріндегі. Сондай-ақ, тағы үш ауруханада аталмыш науқастарға арналған 240 кереует орналастырылған», - деді Бисенбаева сейсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Өз кезегінде Алматының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова әуежай базасында вирусты ауру белгісі бар ҚХР-дан келген жолаушыларды орналастыруға арналған палата жасалғанын айтты.
«Апта сайын Алматыға Қытайдан 2-2,5 мың жолаушы келеді, олардың барлығы термометриядан өтеді. Қазіргі таңда Алматыда коронавируспен ауыратындар тіркелмеген. Карантин енгізуге негіз жоқ», - деді Молдағасымова.
Еске салсақ, 2019 жылдың желтоқсан айының аяғында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмонияның өршуі орын алды. Соңғы ақпарға сәйкес, қазір 2.7 мың науқас тіркеліп, олардың 80-і көз жұмған. Көптеген елдер, соның ішінде Қазақстанда да пневмонияның өршуіне орай әуежайлар мен шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде бақылауды күшейтті. Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға коронавирустың таралуына орай Ухань қаласына барудан бас тарта тұруға ұсыныс білдірді. ҚР СІМ ақпарынша, Қытайдың Ухань қаласында 98 қазақстандық студент қалып отыр.
26 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуын болдырмаудың алдын алу үшін ұйымдастырушылық шараларын қабылдауды тапсырды. Сол күні Қазақстан көрші елден ел аумағына вирустың кіріп кетуінің алдын алу мақсатында «Қорғас» халықаралық шекарамаңы ынтымақтастық орталығы (ХШЫО) және Қытаймен мемлекеттік шекара маңындағы барлық бақылау-өткізу пункттерін уақытша жапты.
Кейін белгілі болғандай, «Қорғас» ШЫХО коронавирус профилактикасы мақсатында 15 ақпанға дейін жабылды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан cаll-орталық (1406, +7 717 2 76 80 43) іске қосылды. Азаматтар осы нөмірлерге тәулік бойына хабарласып, әлемдегі коронавирусқа қатысты ахуал жайлы және аурудың негізгі белгілері мен алдын алу шараларына байланысты ақпарат ала алады.

adimage