Алматыда коронавирусты жұқтырғандардың біреуінің жағдайы ауыр

Алматы. 30 наурыз. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Алматыда коронавирусты жұқтырғандардың біреуінің жағдайы ауыр, деп хабарлады Алматының қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тлеухан Әбілдаев
«Қазір Алматыда 66 адам коронавирустен емделіп жатыр, 58-нің жағдайы қанағаттанарлық, алтауынікі орташа ауыр, бір қарт кісінің денсаулығы ауыр болып қалып отыр, бір баланың денсаулығы ауыр болатын, ақырындап жақсаруда», - деді Әбілдаев дүйсенбідегі брифингте.
Сонымен қатар ол атап өткендей, бүгінде Алматыда провизорлық госпиталдарда 1046 адам жатыр, оның 102-сі бала.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 500 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 25 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 294 жағдайы тіркеліп, 20-сы жазылып, бір адам көз жұмған еді.

adimage