Алматыда Нұр-Сұлтан полицейлері 50-ден астам ұрлыққа қатысы бар күдіктіні ұстады

Астана. 22 мамыр. ҚазТАГ – Алматыда Нұр-Сұлтан полицейлері 50-ден астам ұрлыққа қатысы бар күдіктіні ұстады, деп хабарлады елордалық полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметінен.
«Нұр-Сұлтан қаласындағы қылмыстық полиция қызметкерлері Алматы қаласының аумағында бірқатар ұрлық жасаған деген күдікпен 25 жасар әйелді ұстады. Әйел тек сауда-ойын-сауық үйлері мен дүкендерде ғана ұрлық жасаған. Тергеу амалдары барысында күдікті сатып алушы ретінде бутиктерге кіріп, дүкенге келушілердің қараусыз қалдырған заттарын (ұялы телефон, әмиян, сөмке) ұрлап отырған», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Полиция 2018 жылдың тамызынан бері күдікті әйел Қарағанды және Алматы аумағында осыған ұқсас ұрлықтарды жасаған болуы мүмкін деп санайды.
«Ұсталған күдікті бұған дейін де қылмыстық жауапқа тартылған. Қазіргі таңда оның 50-ден астам ұрлыққа қатысы бар-жоғы тексерілуде. «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, әйелге сәуір айында елорда полицейлері іздеу жариялаған.

adimage