Алматыда заңсыз көші-қонның төрт арнасы анықталды

   Алматы. 1 шілде. ҚазТАГ – Алматыда заңсыз көші-қонның төрт арнасы анықталды, деп хабарлады ҚР ІІМ ресми сайты.
  «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 200 қабылдаушы тарапқа айыппұл салынды. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 22 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырудың 4 дерегі анықталып, жолы кесілді»- деді Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
  Іс-шараның төрт күнінде көші-қон заңнамасын бұзған 612 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 39 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды.
  Сондай-ақ, Алматыда заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысқан, Chevrolet көлігін тізгіндеген Өзбекстан Республикасының азаматы тоқтатылды.
  Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша материал жинақталып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Оның жұмыс берушісі де ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

adimage