Қарағанды облысында 200-ден астам адам табиғи өртті сөндіруде

Қарағанды. 30 маусым. ҚазТАГ – Қарағанды облысында 200-ден астам адам табиғи өртті сөндіруде, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
«ТЖМ №52859 әскери бөлімінің 100 әскери қызметкері Қарқаралы ауданына табиғи өртті сөндіруге аттанды. (…) Барлығы 220 адам мен 25 бірлік техника жұмылдырылған», - деді бейсенбі күні ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Ол түсіндіріп өткендей, желдің күшеюі салдарынан 29 маусымда Егіндібұлақ ауылы маңында Кувск орманшылығы мен мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ аумағында өрт қайта тұтанған.
«Орман шаруашылығының, ұлттық табиғи саябақтың, ерікті өртке қарсы құрылымдардың, Қарағанды облысы ТЖД, №52859 әскери бөлімнің біріккен күшінің арқасында жағдай тұрақталды. Қызыл жалын шыққан жерлерге су шашу, күзету жұмыстары жалғасуда», - деді Уәли.

adimage