Қазақстан Ұлттық банкі World Painting коллекциялық монеталарын айналымға шығарады

Астана. 29 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан Ұлттық банкі World Painting коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлады реттеуші.
«Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) «Қазақстанды монеталар арқылы таны» сериясынан WORLD PAINTING коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады», – делінген жұмада таратылған хабарда.
Ақпарға сәйкес, Қазақстанның халықаралық World Painting арт-жобасындағы фрагменті – Семей полигонында ядролық сынақтан зардап шеккен суретші Кәріпбек Күйіковтің бейбітшілік құсы – көгершін суреті мен Әбілхан Қастеевтің немересі, суретші Дәурен Қастеев салған зәйтүн ағашының бұтағы монета дизайнына негіз болып отыр.
Адамзатты біріктіретін туынды. Халықаралық әлеуметтік арт-жоба – әлем елдері өкілдерінің қолынан шыққан фрагменттер мозаикасынан тұрады. «Әлем бейнесі» бір қылқаламды бір-біріне беру арқылы ең көп адам қатысқан өнер туындысы ретінде Гиннес рекордын орнатты.
Арт-жобаға 200-дей елден 2070 адам бояу ізін қалдырды. Кенептің ұзындығы – 4 метр, биіктігі 1 метр 27 сантиметр. Бұл – жер шарының кішірейтілген ауқымдағы параметрлері. «Әлем бейнесі» туындысының көшірмесі халықаралық ғарыш станциясын да шарлап қайтты.
Арт-объект – планетаның барлық тұрғыны ұлтына, нәсіліне, дініне және тұрғылықты жеріне қарамастан Жер бетінде үйлесімділік пен келісім орнаған бейбіт әрі берекелі өмірді армандайтынының айқын дәлелі.
Кенепте Олжас Сүлейменов, Димаш Құдайберген, Александр Винокуров, Тимур Бекмамбетов, Николя Саркози, Рой Джонс, Бай Линг және басқа да танымал адамдар өз белгілерін қалдырды.
Монеталар күмістен жасалды, сынамасы – 925/1000. Түрлі-түсті баспа технологиясы қолданылды. Монета массасы – 62,2 грамм, диаметрі – 50 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 2 000 теңге. Монеталардың таралымы – 300 дана. Сонымен қатар, МН 25 нейзильбер қоспасынан жасалды. Түрлі-түсті баспа технологиясы қолданылды. Монета массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңгелік. Монеталардың таралымы – 5 000 дана, делінген хабарда.

adimage