Қазақстан Ұлттық банкі жеті күндік қайтару мерзімі бар депозиттік аукциондарды өткізе бастады

Алматы. 18 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан Ұлттық банкі 7 күндік қайтару мерзімі бар депозиттік аукциондарды өткізе бастады, деп хабарлады қаржылық реттеушінің баспасөз қызметінен.
«Ұлттық Банк 2019 жылғы 18 ақпаннан бастап 7 күндік қайтару мерзімі бар депозиттік аукциондарды өткізе бастайды және Ұлттық Банктің 7 күндік қысқа мерзімді ноттарының аукционын өткізуді тоқтатады. Депозиттік аукционды бастаумен тұрақты қолжетімділік операцияларының шеңберінде 7 күндік депозиттерді тарту да тоқтатылады», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Қаржылық реттеуші түсіндіргендей, депозиттік аукцион өтімділікті алу үшін ақша-кредит саясатының ашық нарығы операцияларының негізгі құралы болып табылады.
«Бұл өзгерістер Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігінің пайыздық арнасының тиімділігін арттыруға бағытталған. Депозиттік аукциондар ақша-кредит саясатын іске асыру шеңберінде Ұлттық Банктің аукциондарды өткізу қағидаларына сәйкес өткізілетін болады», - деді Ұлттық банктен.

adimage