Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Астана. 17 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитетінің (ААК) баспасөз қызметінен.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетіне еліміздің ірі әуежайларында тексеру шараларының күшейтілгені жөнінде азаматтардан хабар түсіп жатыр. Бұл шаралар Қазақстан Республикасы авиация қауіпсіздігі мемлекеттік бағдарламаларына сәйкес жүзеге асып жатыр. Елімізде жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізу кезінде әуежайларда авиациялық қауіпсіздік шаралары күшейеді», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Ведомствода нақтыланғандай, авиациялық қауіпсіздік шаралары күшейген кезде аэровокзалдар ғимараттарына кіреберіс жерде тексерудің бірінші желісі орнатылып, әуежайлардың бақыланатын және бақыланбайтын аймақтарында патрульдеу жүргізіледі
«Осыған байланысты азаматтық авиация саласындағы құзырлы органдар үлкен әуежайларға авиациялық қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша тиісті тапсырмалар жіберген. Әуежай аумағына тыйым салынған заттарды алып өтуді болдырмау мақсатында аэровокзалға кірген барлық тұлғалар тексеруге жатады. Аталмыш шаралар 10 мамырға дейін жүргізіледі», - деді ААК.
Комитет барлық жолаушылардың аталмыш шараларға түсіністік танытуды және әуежайға уақытынан ерте келуді ұсынды.
..

adimage