Қазақстанда 2019 жылдың қазанында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға Т10 млрд аударылған

Астана. 6 қараша. ҚазТАГ – Қазақстанда 2019 жылдың қазанында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) Т10 млрд аударылған, деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ баспасөз қызметінен.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» 2019 жылдың 1-31 қазаны аралығында 10 млрд теңге түсті», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
ӘМСҚ нақтылағандай, жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2019 жылдың 31 қазаны аралығында жұмыс берушілер мен жекеменшік кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға түскен жарнаның жалпы сомасы 224 млрд теңгені құрады. Оның 215 млрд теңгесі (96%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,8 млрд теңге (4% ) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.
«Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген», - деді қордан.

adimage