Қазақстанда алдағы үш тәулікте қар жауады және бұрқасын соғады

Астана. 13 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстанда алдағы үш тәулікте қар жауады және бұрқасын соғады, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінен.
«Ресейдің арктикалық жиегі арқылы циклондар бірінен кейін бірі ығысып, Атлант мұхитынан жылы және ылғалды ауа ала келеді. Осы циклондардың әсерінен атмосфералық фронттар Қазақстан арқылы жылжып, қар жауады, бұрқасын көтеріледі. Батыстан күшті жел соғады», - делінген 14-16 қаңтарға арналған дүйсенбіде таратылған ауа райы болжамында.
Алдағы үш тәулікте республиканың көптеген облыстарында күн бұлтты, жауын-шашынды болады. Солтүстік облыстарда - бұрқасын, оңтүстікте – тұман және көктайғақ сақталады.
«Ауа массаларының батысқа ауысуы әсерінен Қазақстанның солтүстік жартысында - ауа температурасы орташа көпжылдық мәннен жоғары, оңтүстік жартысында - нормаға жақын болады», - деді синоптиктер.

adimage