Қазақстанда карантин қайта күшейтілуі мүмкін

Астана. 27 мамыр. ҚазТАГ – Толқын Тәшімов. Қазақстанда карантин қайта күшейтілуі мүмкін, деп мәлімдеді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
«Біз қазір қайта карантин шараларын күшейткіміз, экономикамызды тоқтатқымыз келмейді. Жұмыстарды нақты бір карантин талаптарын сақтау арқылы жалғастыра аламыз. Егер ол талаптар сақталмаса және ауру саны өссе, онда әрине, талаптарды күшейтуге тура келеді, қосымша санкциялар енгізілуі мүмкін», - деді Біртанов сәрсенбідегі брифингте.
Оның айтуынша, қайтадан қатаң карантин талаптарын енгізгісі келмейді.
«Олай жасағымыз келмейді. Пандемиямен күрестегі жеңісіміз әр адамға, әр азаматқа байланысты. Сондықтан тағы да айта кетейін, әлеуметтік қашықтықтан басқа, кәсіпорындар мен қоғамдық көліктегі санитарлық режимнің сақталуынан басқа, жеке гигиена ережелерін сақтау да маңызды – бетпердені тастамау керек. Бүгінгі таңда дәлелденіп отырғандай, ауру жұқтырғандар үшін де, дені сау адамдар үшін де бетпердемен жүру аурудың таралмауының тиімді жолы болып отыр», - деп атап өтті Біртанов.

adimage