Қазақстанда коронавирустен үшінші адам көз жұмды

Күні: 13:26, 01-04-2020.

Астана. 1 сәуір. ҚазТАГ - Қазақстанда коронавирустен үшінші адам көз жұмды, деп хабарлады мемкомиссияның жедел штабынан.
«Қарағанды облысында коронавирустық инфекциядан бір науқас көз жұмды», - делінген 1 сәуір сағат 11.15-те Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы таратылған хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бұған дейін Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 369 жағдайы тіркеліп, 24-і жазылып, екі адам көз жұмды.


Жаңалықтармен бөлісу: