Қазақстанда мұғалімдер даярлайтын ЖОО саны 85-тен 20-ға дейін қысқаруы мүмкін

Күні: 17:23, 25-11-2019.

Астана. 25 қараша. ҚазТАГ – Қазақстанда мұғалімдер даярлайтын ЖОО саны 85-тен 20-ға дейін қысқаруы мүмкін, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«(Білім және ғылым – ҚазТАГ) министрлігі лицензияларында педагогтерді даярлауға арналған қосымшалары бар жоғары оқу орындарына қосымша талаптар дайындауда. Олардың саны – 85. Бүгін де көпбейінді университеттің барлығы дерлік мұғалімдерді даярлайды. Бұл ретте олардың сапасы сын көтермейді. Соған байланысты қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр», - деп мәлімдеді дүйсенбіде Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, «олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді. Ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін».
«Шамамен алғанда, әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын 1 мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ», - деді министр.
Ол атап өткендей, БҒМ елдегі жоғары оқу орындарында тексеру жүргізеді.
«Бүгінгі таңда бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университет тексерілді. Олардың 5-де бұған дейінгі ескертулер жойылмағандықтан, 5 университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылды. Сондай-ақ, 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберілді. Жыл соңына дейін тағы 12 ЖОО-ны бұрын берілген нұсқамалардың орындалуы бойынша тексеруді жоспарлап отырмыз. Бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда, лицензиядан айыру және ЖОО жабу үшін құжаттар сотқа жіберіледі. Сонымен қатар, қазіргі уақытта бізге, лицензия беретін орган ретінде, міндеттеріне жауапсыз қарайтын жоғары оқу орындарының лицензияларын кері қайтарып алуға құқық беретін заң нормаларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастаманы мемлекет басшысы қолдады», - деді ведомство басшысы.
Министр атап өткендей, қазір лицензияны қайтарып алу үшін БҒМ, қажет болған жағдайда барлық шағымдану процедурасынан өту керек.
«Сонымен қатар, премьер-министрдің өкіміне сәйкес үкімет жанынан жоғары оқу орындарын оңтайландыру комиссиясы құрылды. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына қойылатын біліктілік талаптарын да күшейтудеміз», - деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, «қазір нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін қабылдай беру есебінен кейбір жоғары оқу орнына 100 адам түсіп, 800-ге жуық түлектің бітіру дерегі» кездесуде.
«Тағы бір дерек: биыл 37 мың студент таяу шетелдің ЖОО-да бір семестр немесе бір жыл оқыған соң қазақстандық шағын ЖОО-на ауысып келді. Ақпаратқа сүйенсек, ҰБТ сертификатының талап етілуін айналып өту үшін талапкерлер құжаттарын шетелдік ЖОО жіберіп, бір семестр немесе бір жылдан кейін виртуалды түрде қазақстандық университетке ауысып алатын тенденция да бар», - деп хабарлады БҒМ басшысы.
Ол атап өткендей, «20-23 мыңға дейін студент оқитын және олардың көпшілігі, әдетте, сабаққа да бармайтын кейбір өңірлік жеке меншік ЖОО да бар».
«Сондықтан да министрлік осындай жағдайлар мен жауапкершілігі төмен ЖОО қатысты қатаң саясат жүргізбек. Әлбетте, бұл шаралар көбінің бизнес мүддесіне тиетіні және барлығына бірдей ұнай бермейтіні анық. Дегенмен, Елбасы мен мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, министрлік жоғары білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету саясатын одан әрі жалғастырады», - деді Аймағамбетов.


Жаңалықтармен бөлісу: