Қазақстанда «Олимп» букмекерлік кеңсесінің жұмысы уақытша тоқтатылды

Астана. 6 желтоқсан. ҚазТАГ – Қазақстанда «Олимп» букмекерлік кеңсесінің жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметінен.
«2019 жылғы 29 қарашада Алматы қ. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Олимп» БК сауда белгісімен «Only bet» ЖШС және «Alpha bet» ЖШС берілген лицензия қолданысын 6 ай мерзіміне тоқтатты», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Арнайы қызмет нақтылағандай, ҚР ҰҚК Алматы қ. бойынша департаменті прокуратура органдарымен бірлесіп, «Олимп» букмекерлік кеңсесі әкімшілігінің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуге бастамашы болды.
«Тергеу деректері бойынша, компания Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама нормаларын бұза отырып, белгілі бір табыс табумен интернет-ресурс арқылы лицензияланбаған әрекетті жүзеге асырған. Тиісінше, осы салаға салық салынбаған. Қазақстан шегінен тыс ақшалай қаражатты заңсыз шығару арналары анықталып, оқшауланды»,- деді ҰҚК-нен.
Хабарда атап өтілгендей, «қаржы қылмыстары саласына жататын өзге де әрекеттер тіркелуде».
«Қазіргі уақытта «Олимп» БК заңсыз әрекетінің, сондай-ақ салық заңнамасын бұзудың нақты ауқымын анықтау бойынша тергеу іс-шаралары жүргізілуде», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 14 қарашада ҚазТАГ ХАА Қазақстандағы букмекерлік кеңселерді құзырлы органдардың тексеріп жатқандарын және олардың жабылуы да мүмкін екенін хабарлаған еді.

adimage