Қазақстанның 21 азаматы Қытайдан Алматы облысына өткізу бекеті арқылы эвакуацияланды

Талдықорған. 29 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстанның 21 азаматы Қытайдан Алматы облысына өткізу бекеті арқылы эвакуацияланды, деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметінен.
«ҚХР-дан Қазақстанның 21 азаматы жеткізілді. Қазақстанның 20 азаматы Гуанчжоу мен Құлжа қалаларында болған, олардың барлығы Панфилов ауданындағы «Нұр жолы» өткізу пункті арқылы шекарадан өткен. Тепловизер арқылы тексергенде олардың екеуінің дене қызуының жоғары екені (37,5) анықталған. Олар сол мезетте оқшауланып, Панфилов ауданы ОАА жұқпалы аурулар бөлімшесінің бокс палатасына жатқызылған. Дәрігерлер олардан зертханалық талдаулар алды. Сонымен қатар, автобустағы 19 адам да обсервациялық госпитальға орналастырылды», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Бұған дейін белгілі болғандай, Қытайдан келген бес адам Алматы және Ақмола облыстарында жіті респираторлық вирус белгісімен ауруханаға жатқызылған. Сонымен қатар қазақстандық биліктің шұғыл түрде 2,5 млн қарапайым және 1.3 млн респираторлық бетперде сатып алғаны хабарланған еді.
Еске салсақ, 2019 жылдың желтоқсан айының аяғында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмонияның өршуі орын алды. Соңғы ақпарға сәйкес, қазір 2.7 мың науқас тіркеліп, олардың 80-і көз жұмған. Көптеген елдер, соның ішінде Қазақстанда да пневмонияның өршуіне орай әуежайлар мен шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде бақылауды күшейтті. Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға коронавирустың таралуына орай Ухань қаласына барудан бас тарта тұруға кеңес білдірді. Соңғы ақпар бойынша, Қазақстан 61 қазақстандық студентті алып кету үшін ұшақпен баруға Қытайдың келісімін күтіп отыр.
26 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуын болдырмаудың алдын алу үшін ұйымдастырушылық шараларын қабылдауды тапсырды. Сол күні Қазақстан көрші елден ел аумағына вирустың кіріп кетуінің алдын алу мақсатында «Қорғас» халықаралық шекарамаңы ынтымақтастық орталығы (ХШЫО) және Қытаймен мемлекеттік шекара маңындағы барлық бақылау-өткізу пункттерін уақытша жапты. Кейін белгілі болғандай, «Қорғас» ШЫХО коронавирус профилактикасы мақсатында 15 ақпанға дейін жабылды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан cаll-орталық (1406, +7 717 2 76 80 43) іске қосылды. Азаматтар осы нөмірлерге тәулік бойына хабарласып, әлемдегі коронавирусқа қатысты ахуал жайлы және аурудың негізгі белгілері мен алдын алу шараларына байланысты ақпарат ала алады. Бұған қоса, ел билігі қазақстандықтарға әзірге Қытайға барудан бас тарта тұруға кеңес беруде.
ҚР Сыртқы істер министрлігінде де ҚХР-дағы коронавирус мәселелері бойынша қауырт желілер ашылды. Жұмыс уақытында Қазақстан азаматтары келесі нөмірлер бойынша хабарласа алады: +7 (7172) 72-05-49, +7 (7172) 72-01-98, +7 (7172) 72-04-93. Жұмыстан тыс уақытта және демалыс күндері +7 (7172) 72-01-11 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Сондай-ақ, ҚазТАГ ХАА хабарлағандай, Қазақстан коронавирусты әлеуметтік мәні бар қауіпті аурулар тізіміне енгізді.

adimage