Азаттық радиосы ҚР үкіметін Қазақстанда жұмыс жасауына кедергі келтірді деп айыптады

Күні: 11:39, 21-02-2020.

Алматы. 21 ақпан. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова.
«Азат Еуропа»/ «Азаттық радиосы» (RFE/RL) радиоларының президенті Джейми Флай Қазақстан үкіметінің қазақстандық басылым қызметіне кедергі келтіріп жатқаны туралы мәлімдеді.
«Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясы Азаттық тілшілеріне аккредитация бермей отырған Қазақстан үкіметін сынап, биліктің бұл ісін соңғы кезде журналистердің жұмысына жасалып жатқан кедергілердің жалғасы деп атады.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясы президенті Джейми Флай ақпанның 19-ы күні Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге жолдаған хатында Азаттық тілшілеріне "еш негізсіз" құжат берілмей отырғанын сынады. Флай мұны халық арасында Азаттық радиосы деген атпен танымал АЕ/АР-дың Қазақ қызметінің "журналистеріне қарсы биліктің кезекті заңсыз әрекеті" деп атады», - делінген RFE/RL ресми сайтындағы хабарда бейсенбі күні.
Бұл ретте мұның RFE/RL журналистерін аккредиттеуден айыруға тырысудың бірінші әрекеті емес екені аталып өткен.
«Қазақстанның кейбір ұлттық заң талаптары мен халықаралық міндеттемелерді орындамай отырғанын атап көрсеткен Флай 2019 жылы маусым айында кезектен тыс өткен президент сайлауы қарсаңында сыртқы істер министрлігінің "Настоящее время" телеарнасы мен Азаттықтың Қырғыз және Тәжік қызметтерінің жеті тілшісіне сайлау кезінде жұмыс істеуіне рұқсат бермей қойғанын еске салды. Ресми Нұр-Сұлтанға хатында АЕ/АР медиакорпорациясы тілшілерінің ел ішінде жұмыс істеуіне рұқсат бермеу – Азаттықтың Қазақстан халқын "қоғамдық аса маңызды оқиғалардан" хабардар ету миссиясына тікелей кедергі қою деп жазылған», - делінген хабарда.
Флай 2019 жылы Қазақ қызметінің тілшілеріне жасалған бірнеше шабуыл АЕ-АР-дың Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңсесіне, бас прокурор мен өзге де министрлерге шағымдануына жетерліктей негіз болғанын айтқан.
«Үкіметке жолданған хатқа арандатушылардың Азаттық тілшілеріне шабуылдағаны, полицияның журналистерді күштеп ұстағаны және биліктің тілшілер жұмысына кедергі келтіргені жайлы құжаттар тіркелген. Хат авторы сонымен бірге тілшілерге шабуылды тергеуге полицияның әрекет жасамай отырғанын сынайды. Хатта полиция қызметкерлерінің бетіне маска киіп, қолшатыр ұстаған арандатушыларды көрсе де, ол туралы журналистердің шағымын елемей қойғаны айтылған. Азаттықтың шағымы жауапсыз қалды», - деді RFE/RL.
Хабарда айтылғандай, хат соңында Флай Қазақстан сыртқы істер министрлігін АЕ/АР-дың Қазақ қызметінің тілшілеріне дереу аккредитация беруге шақырып, Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді орындау туралы уәдесін еске салған. "Біздің тілшілеріміз Қазақстан қоғамына қауіпсіз, кедергісіз және қорықпай ақпарат таратуға мүмкіндік алуы тиіс" делінген хатта.
Өз кезегінде «Азаттық радиосының» алматылық бюросының шеф-редакторы Қасым Аманжол екі журналисттің аккредиттелмегенін нақтылады.
«Біздің екі тілшісіміз аккредиттелмеді, олардың бірі – Санат Урналиев. Ол бұрын Оралда өңірлік тілші болып жұмыс жасады, сосын ол Прагада жұмыс жасады, қазір Астанаға қайта оралды», - деп хабарлады Аманжол ҚазТАГ агенттігіне.
Бұл ретте ол басылым аккредиттеуден бас тартқандары үшін шағымданатындарын атап өтті.
«Заң бойынша олар Қазақстанда жұмыс жасай алмйады, біздің түсінігімізше, себебі біздегі барлық журналистер аккредиттеуден өткен, аккредиттеуден өтпей ешкім жұмыс жасай алмайды. Бұған әрине шағымданатын боламыз. Аккредиттеуден бас тартудың себебі ретінде аталған негіздер бірде-бір заңда жоқ», - деп атап өтті Аманжол.


Жаңалықтармен бөлісу: