БҒМ тексеруге кедергі келтіргені үшін «Астана» университетін сотқа берді

Астана. 20 ақпан. ҚазТАГ – ҚР білім және ғылым министрлігі (БҒМ) «Астана» университетін тексеруге кедергі келтіргені үшін сотқа берді, деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.
«Астана» университеті ҚР Білім және ғылым министрлігінің тексеру жұмыстарына кедергі келтіріп, қажетті құжаттарды ұсынбаған. Лауазымды тұлғаларға мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде кедергі жасау фактісі бойынша Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі 462-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта ӘҚбК талаптарына сәйкес әкімшілік іс материалдары соттың қарауына жіберілді», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Ведомствода атап өткендей, 2019 жылы жүргізілген тексеру нәтижесінде «Астана» университетінің білім беру жұмыстарында тәуекелдің жоғары екендігі анықталған.
«Осыған байланысты университет 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында профилактикалық бақылауға жататын білім беру ұйымдарының тізіміне енгізілген», - деп түсіндірді БҒМ.
Білім министрлігінде атап өткендей, 2020 жылдың 12 ақпанында ҚР БҒМ тарапынан университетке профилактикалық бақылау жүргізілетіндігі туралы хабарлама жіберілген.
«Келесі күні тиісті акт ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде тіркелді. 17 ақпанда университет комиссияға жоғары оқу орнына кедергісіз кіруді қамтамасыз етіп, бақылау нысанына сәйкес қажетті құжаттарды немесе олардың көшірмелерін ұсынуға міндетті болды. Алайда, «Астана» университеті Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 155-бабының 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларын бұзып, комиссияға тиісті құжаттарды ұсынбады», - делінген хабарда.

adimage