БҚО-да жалақыға көңілдері толмаған шенеуніктер мемқызметтен кетіп жатыр

Орал. 20 қазан. ҚазТАГ – Батыс Қазақстан облысында жалақыға көңілдері толмаған шенеуніктер мемлекеттік қызметтен кетіп жатыр, деп хабарлады «Мой город» порталы.
«Есепті кезеңде жалпы қызметкерлердің ауысуы 767 адамды немесе мемлекеттік қызметкерлердің штаттық санының 18,1% құраған, мемлекеттік қызметкерлердің таза ауысуы 226 адамды немесе штат санының 5,3% құраған. Жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдарда қызметкерлердің 73,1%-ы жалақысының төмен болуы себепті жұмыстан шығып кеткен», - деді БҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі ҚР агенттігі департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.
Хабарда нақтыланғандай, облыс аумағында 435 меморган бар, оларда 3930 қызметкер жұмыс жасап жатыр.
Хабарда атап өтілгендей, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Жалақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша әр қызметкерге қызметтік міндеттемелері бойынша еңбекақы төленетін болады.
«Нақты-балдық шкала енгізілгеннен кейін мемқызметкерлердің жалақысы 1,5-2 есе көбейтіледі. БҚО әкімдігінде осындай жүйені келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әрине, жалақының төмен болуы салдарынан сауатты, білікті мамандар мемлекеттік қызметтен кетіп жатыр», - деді Тұрсынбаев.

adimage