Балаларды алып келе жатқан шағын автобус СҚО-да жолда өртеніп кетті

Астана. 15 мамыр. ҚазТАГ – Балаларды алып келе жатқан шағын автобус Солтүстік Қазақстан облысында жолда өртеніп кетті, деп хабарлады Қазақстанның ІІМ баспасөз қызметінен.
«14 мамырда шамамен 17.10-да Солтүстік Қазақстан облысы Тайыншы ауданында Рощинск ауылы маңында «Газель» маркалы жолаушылар автобусы өртенді. Көліктің моторлы бөлігінен шыққан түтінді байқаған жүргізуші көлікті тоқтатқан. Ол Петропавлдан аудан орталығы Тайыншыға балаларды алып бара жатқан», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, «Лада Веста» қызметтік көлігімен артынан еріп келе жатқан СҚО полиция департаментінің қызметкерлері көліктің кілт тоқтағанына шұғыл назар аударған.
«Шағын автобустан 11 баланы түсіріп алған полицейлер өрт сөндірушілерді шақырып, өртеніп жатқан «Газельді» сөндіруге кіріскен. Алайда жел салдарынан өрт одан әрі өршіген, сондықтан полицейлер жүргізушімен бірге көлікті жолдан ары қарай итеріп жіберген. Шұғыл қабылданған шаралар адам өлімінің алдын алуға мүмкіндік берген. Рощинск ауылына түсірілген балаларды полицейлер басқа көлікпен аман-сау үйлеріне жеткізген», - делінген хабарда.

adimage