Беларустық әуе компаниясы ҚР төрт қаласына бірқатар рейс ашты

Астана. 10 қаңтар. ҚазТАГ – «Белавиа" әуе компаниясы Ақтау, Қарағанды, Павлодар және Қостанай қалаларына рейстер ашады, деп хабарлады ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
«2019 жылғы желтоқсанда Акаба (Иордания) қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) аясында ұйымдастырылатын әуе қатынастары туралы келіссөздер жүргізу бойынша жыл сайынғы кезекті конференциясында (ICAN 2019) Комитет пен Беларусь Республикасының авиациялық биліктерімен қол жеткізілген уағдаластықтарына сәйкес, "Белавиа" әуе компаниясы Қазақстан қалаларына бірқатар рейстерді ашады», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Ведомствода атап өткендей, «қазіргі уақытта әуе компаниясы 2020 жылдың жазғы кезеңінде орындалатын Минск - Ақтау, Минск - Қарағанды, Минск - Павлодар және Минск - Қостанай рейстеріне әуе билеттерді сатуды бастады».
«Қазіргі уақытта "Белавиа" әуе компаниясы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына жыл бойы рейстерді орындайды. Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап Минск – Алматы бағытындағы рейстер күн сайын орындалатын болады», - делінген хабарда.

adimage