Белгілі журналист Сергей Степанов өмірден өтті

Алматы. 9 желтоқсан. ҚазТАГ – Белгілі журналист Сергей Степанов өмірден өтті, деп хабарлады «Комсомольская правда в Казахстане» газетінің бас редакторы Виктор Кияница.
«Серега (Степанов – ҚазТАГ) күтпеген жерден көз жұмды. Мүлдем ауырған жоқ. Жүрегі шыдамаған – инсульт. Өкінішке орай, біз үшін үлкен қайғы. 24 желтоқсанда ол 64 жасқа толар еді. Серега өте сұранысқа ие журналист – кеңес кезінің де, тәуелсіз Қазақстан жылдарының да кәсіби маманы. Билікпен тіл табыса білді, редакцияға қауіп төнген кездері қасқайып тұра білді», - дейді Кияница.
Оның айтуынша, өмірден озған журналистті ақтық сапарға шығарып салу Алматыда алдағы сейсенбі немесе сәрсенбі күні өтеді. Оны жақын туыстары мен достары шешеді.
Cергей Степанов Вячеслав Срыбныхпен бірге қайта құру кезеңінде «Казахстанская правда» жалпыұлттық республикалық басылымының басшылық құрамына кірді, Борис Гиллердің тұсында тиражы 100 мың данадан асатын танымал күнделікті «Караван-Блиц» газетінің бас редакторы болды, ал соңғы жылдары «Аргументы и факты. Казахстан» басылымын басқарды.
Қазақстан Журналистер одағы мен ҚазТАГ халықаралық агенттігі журналисттің мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты марқұмның туыстары мен достарына, әріптестеріне қайғырып көңіл айтады.

adimage