Билік 2029 жылға дейін агротуризмді дамытуға бағытталған бірқатар шаралар жүргізуді жоспарлауда

Астана. 27 наурыз. ҚазТАГ – Үкімет агротуризмді дамыту қажеттілігі туралы депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
«Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (Заң) 6-бабының 5-тармағына сәйкес салалық қағидат бойынша туристік қызметтерді көрсетуге және нақты саладағы объектілермен және қызметпен танысуға деген туристік қажеттіліктерді қанағаттандыруға байланысты туризм бағыттары ажыратылады, деп жауап берді Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов депутаттық сауалға.
Оның айтуынша, бұл ретте заң шеңберінде ауылдық (аграрлық) туризмді айқындау салалық, субъектілік және объектілік қағидаттар бойынша Қазақстан Республикасындағы туризм бағыттарының сыныптауышында бекітілген (ауылдық (аграрлық) туризм – ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметімен танысу немесе демалу мақсатында ауылдық жерде уақытша болуға бағытталған саяхат).
«Туристік саланы дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында ауылдық жерлерде перспективалы агротуристік объектілерді анықтау, ауылдарда туристерге қызметтер көрсету бойынша ауыл тұрғындары үшін оқыту іс-шараларын өткізу, агротуризм субъектілерінің тізілімін жүргізу және инвестициялар тарту бөлігінде агротуризмді (ауылдық туризмді) дамытуға бағытталған бірқатар шаралар көзделеді», - деп хабарлады премьер.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, аталған заң жобасы парламент мәжілісінде қаралуда және тиісті жұмыс тобының шеңберінде агротуризмді ынталандыру және қолдау шараларын пысықтау жоспарлануда.
«Сонымен қатар туризмнің осы түрін дамыту үшін семинарлар, экспедициялық-ізденіс жұмыстары түрінде кіріспе курстар ұйымдастырылды, сондай-ақ агротуризм субъектілеріне арналған тегін оқыту семинарлары жарияланып, шетелдік және қазақстандық туроператорлар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін ақпараттық турлар өткізілді», - деді Бектенов
Айта кетсек, мәжіліс депуттаттары үкіметке жолдаған сауалында агротуризм, этнотуризм саласын дамыту мәселесін қолға алып, туризм және ауыл шаруашылық министрліктеріне салааралық қарым-қатынасты үйлестіру бойынша іс-қимыл шаралар жоспарын әзірлеуді сұраған.

Фото көзі: astana.citypass.kz


adimage