Біртанов дәрімен қамту жүйесінің өзгеруінен үнемделген қаржы туралы айтты

Астана. 21 қазан. ҚазТАГ – Махамбет Абжан. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрі-дәрмекпен қамту жүйесінің өзгеруінен үнемделген қаржы туралы айтты.
«Нәтижесінде 2019 жылғы сатып алу барысында шекті бағаларын түсіру арқылы Т22 млрд., орталықтандырылған амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамту есебінен – Т12,8 млрд, дәрі-дәрмектерді алушыларды тіркеуді цифрландыру есебінен – Т14,5 млрд, қаржыны бастапқы медициналық желі нысандары арқылы аудару есебінен – Т10,4 млрд үнемделді. Бұған дейін бұл дәрілер коммерциялық дәріханалар арқылы үстеме бағамен жіберілген еді. Осылайша, бөлінген бюджет аясында тегін берілетін дәрі-дәрмек тізімі қосымша 40 дәріге толықты», - деп мәлімдеді Біртанов дүйсенбідегі үкімет сағатында.
Ол қаржыны дәрі-дәрмекпен қамтуды орталықтандыру және басқа да жаңалықтың арқасында үнемдеу мүмкін болғанын атап өтті.
«2018 жылдан бастап дәрі-дәрмекпен қамту орталықтандырылды, дәрі-дәрмекті сатып алу ашықтығы қамтылды, тегін дәрі-дәрмекті берудің электронды есебі енгізілді, бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды, тегін дәрі алатындар үшін смс-хабарламалар тарату енгізілді. Дәрі бермеу тіркелген әр дерек бойынша шаралар қабылданады. Сонымен қатар дәрі-дәрмек бағасын реттеу ережесі бекітілді. Биылға дистрибьюторлардың бірыңғай тізімі жасалған жағдайда дәрілердің бағасы 40% төмендетіледі», - деді ол.

adimage