Челахты өмір бойы бас бостандығынан айыру үкімі өзгеріссіз қалдырылды

Астана. 22 қаңтар. ҚазТАГ – Баубек Қоныров. Челахты өмір бойы бас бостандығынан айыру үкімі өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлады сот залынан агенттік тілшісі.
«Челахқа қатысты 2012 жылғы 11 желтоқсандағы сот үкімі, сот алқанысың қаулысы, 2013 жылғы кассациялық сот алқасының қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын, өтініш қанағаттандырылмасын», - деді ҚР Жоғары сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметуллин сейсенбідегі сот отырысында.
Бұған дейін хабарлағандай, адвокат Гүлмира Шалдықова В.Челахты өмір бойы бас бостандығынан айыру үкімін өзгертуді сұраған болатын. Оның айтуынша, В.Челахтың ісінің қайта қаралуына 2017 жылдың қарашасында шығарылған БҰҰ шешімі себеп болған.
Еске сала кетейік, 2012 жылдың мамырында Қытаймен арадағы «Арқанкерген» шекара бекетінің өртенген ғимараты, отқа оранған 14 шекарашы денесінің қалдығы мен шекара бекетінен алыс емес жерде орманшының өлі денесі табылған. Тергеу болжамынша, В. Челах алдымен қызметтестерін атып тастап, кейін казарманы өртеп жіберген.
2012 жылдың 11 желтоқсанында В.Челах айыпты деп танылып, оған қатаң тәртіптегі түрмеде өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылған. 2013 жылдың 6 ақпанында ҚР әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот коллегиясы В.Челахқа шығарылған үкімді өз күшінде қалдырды. 16 қазанда В. Челах Қазақстан президентіне рақымшылдық көрсетуін сұрап хат жазды. 2014 жылы 4 ақпанда ҚР Жоғарғы сотының қадағалау коллегиясы сот үкімін күшінде қалдырды.
2015 жылдың 2 ақпанында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті В.Челахтың арызын қарауға қабылдады. 2017 жылдың 7 қарашасында арыз қаралып, қанағаттандырылды. Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 14 бабын бұзған деп танылды, осылайша В.Челахты әділ және бейтарап сот тергеуі құқығынан айырған.

adimage