Есірткі жарнамаланған билбордтар ісі бойынша күдікті делдал Қарағандыда ұсталды

Астана. 21 қараша. ҚазТАГ – Есірткі жарнамаланған билбордтар ісі бойынша күдікті делдал Қарағандыда ұсталды, деп хабарлады Қазақстанның ІІМ баспасөз қызметінен.
«Полиция қызметкерлері есірткі таратушы сайттың QR коды бар жарнамаға кім тапсырыс бергенін анықтады. Полиция қызметкерлері тапсырыс берушімен қатар, сенім жүктелген тұлғаны, Алматы қаласындағы дайындаушы фирманы, сондай-ақ осы баннерлерді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Өскемен қалаларында орналастырған заңды тұлғаларды анықтады. Қазіргі уақытта делдал (Қарағандыда – ҚазТАГ) қамауға алынды. Процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, баннер жарнамаларын орналастырған заңды тұлғалар үшін ҚР ӘҚбК 423 бабы (есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау және заңсыз жарнамалау) бойынша әкімшілік хаттамалар дайындалған.
«Алматыда екі баннер орналастырған жарнама жасаушыға 300 АЕК немесе 757 мың 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Толықтыра кетейік, парламент мәжілісінде 20 қарашада есірткі қылмысы үшін қылмыстық жазаны қатаңдату қарастырылған заң жобасы қаралды. Депутаттардың бастамасы бойынша есірткіні насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін құқықбұзушылық құрамын әкімшілік құқықбұзушылықтан Қылмыстық кодекске ауыстыру көзделуде», - делінген хабарда
Еске салсақ, 20 қарашада белгілі болғандай, Алматы мен Нұр-Сұлтан полиция департаменті екі қаланың көшелерінде есірткіні жарнамалайтын билбордтарды орналастыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.
Кейін ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, 19 қарашада Қазақстанның бірнеше қалаларының көшелерінде есірткіні жасырын жарнамалаған сегіз баннер анықталып, алынып тасталған.

adimage